Министрлік "Қыз Жібек" қамзолына қатысты дауға нүкте қойды
Вице-министр Евгений Кочетов әйгілі камзолдың музейге қайтарылатынын айтты
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «Қыз Жібек» фильміндегі Меруерт Өтекешова киген әйгілі қамзолға қатысты қоғамда туған дау жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазіргі уақытта «Қазақфильм» музейіндегі барлық реквизит пен костюмдерді цифрландыру жұмыстарын бастап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист министрліктің ұстанымын көпшілік әлсіз деп қабылдағанын айтып, «Қыз Жібек» қамзолының тағдырына 30 жыл бойы ешкім назар аудармағанын, тек продюсер Баян Алагөзова мәселе көтергеннен кейін ғана министрлік әрекет ете бастағанын айтты.
Бұған жауап берген Евгений Кочетов қамзолдың қазақ киносы үшін ерекше тарихи әрі символикалық маңызы бар екенін атап өтті.
“Қыз Жібек” фильміндегі қамзол – қазақ кинематографиясы үшін қастерлі жәдігер. Біз бұл мәселе бойынша бұған дейін де пікір білдірдік. Қазір тек бір қамзол емес, жалпы “Қазақфильм” музейіндегі костюмдер мен реквизиттерге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, министрлік Меруерт Өтекешовамен келіссөз жүргізген. Актриса «Қыз Жібек» фильміндегі костюмдердің толық жиынтығы жиналғаннан кейін оны «Қазақфильм» музейіне тапсыруға келісім берген.
Бұл тек қамзол ғана емес. Толық костюм жинақталған соң музейге өткізіледі. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін біз қазір музейдегі барлық қорды цифрландырып жатырмыз. Қазақстан киносында қолданылған костюмдер мен реквизиттердің барлығы электронды базаға енгізіліп, көпшілікке қолжетімді болады, – деді Евгений Кочетов.
Журналист министрлік осы уақытқа дейін қамзолдың нақты қайда сақталғанын да білмегенін айтып, сынға алды. Алайда вице-министр бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.
Бұл мүлде олай емес. Қамзол “Қазақфильм” музейінде сақталған. Ол басқа да реквизиттермен бірге тұрған. Министрлік осы жылдар бойы қазақстандық кино қорындағы көптеген жәдігерді сақтаумен айналысып келеді, – деді ол.
Сонымен қатар Кочетов музейдегі барлық экспонаттың арнайы тізімі бар екенін айтты. Қазіргі уақытта сол реестрді толық цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір біз бұл деректердің барлығын пысықтап жатырмыз. Болашақта қандай да бір жәдігердің жоғалғаны анықталса, ол туралы кейін нақты айтамыз. Бірақ әзірге алдымен толық цифрландыру жұмыстарын аяқтау қажет, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, «Қазақфильм» музейіндегі цифрландыру жұмыстары биыл аяқталуы мүмкін.