Мәдениет министрі қазақстандықтарды қос бірдей атаулы күнмен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында қазақстандықтарды қос бірдей мерекемен құттықтады.
Сіздерді «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын 15 сəуірді ғашықтар күні ретінде атап өтуді игі дəстүрге айналдырғанымызға көп бола қойған жоқ. Десе де, тыңнан қосылған бұл атаулы күн - ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мереке сипатына ие болды. Бұл күні тағдырын бір арнаға тоғыстырған екі ынтық жанның жүрек түкпіріндегі шынайы сезіміне құрмет көрсетіп, осынау асқақ ұғымның таудай мəртебесін ұлықтап келеміз, - деп жазды министр.
Айтуынша, әр халықтың тарихында тіл шеберлігі мен сөз көркемділігі арқылы махаббат тақырыбында кең толғап, әуезге толы ән шығарған ақын-жазушылар көп. Ықылым заманнан бастау алған бұл сара жол өміршеңдігін жоймақ емес. Өйткені - махаббат мәңгілік аласармас сезім.
Бүгінгі орайлы сəтті пайдалана келе, əр жанның асау жүрегі алқынғанын іздеп, талпынғанын меңзеп, екі ғашықтың бір бүтін болуын, сезімдеріне селкеу түсірмей бақытты ғұмыр кешуін тілеймін, - деді ол.
Сонымен қатар Мәдениет министрі 15 сəуір - Халықаралық мәдениет жəне Дүниежүзілік өнер күнімен де құттықтады.
Мəдениетті қорғау халықаралық лигасының ұсынысымен 1998 жылдан бері бүгін атап өтілетін атаулы күннің шынымен мəні зор. Əлем халықтарының дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мәдениет атты асыл ұғыммен астасып жатыр. Еңселі, дамыған ел болудың мəйегі болған мəдениеттің мығым тұғыры, алтын қазынасы өнер. Адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі өнерге арнап арнайы күн белгілеу 2012 жылдан бастау алады. Еліміз Тəуелсіздік алып, еңсе тіктегелі бері мəдениет пен өнерге ерекше ден қойып келеді. Береке-бірлікке жаны құштар, ар-әділетті ту тұтқан халқымызды дамудың даңғыл жолына бастаған Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында: «Мәдениет пен өнер - қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды» деп қос саланың жіті назарда болатынын айтқан еді, - деді Райымқұлова.
Оның сөзінше, тəу етер Тəуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде сындарлы кезеңдерге, қиыншылықтарға қарамастан аталған салаларда қыруар жұмыс атқарылды.
Алдағы уақытта да Мəдениет жəне спорт министрлігі кешенді жұмыс жоспарын жалғастырып, толайым табыстарға қол жеткізеді деп сенемін. Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебізімді жеткізіп, зор алғысымды айтамын. Лайым ізгілік пен жаңашылдық жолындағы еселі еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектеспін. Мəдениет пен өнердің көкжиегін кең болсын!, - деп қорытты сөзін ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Астанада 10 жайлы мектеп ашылды
Өзгелердің жаңалығы