Мәдениет – ел айнасы
Жыл өткен сайын мәдениет саласының жағдайы жақсарып келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны. Мемлекет саясатының басым бағытының бірі – өнер мен мәдениетті дамыту болса, ауылдық жерлерде де баса көңіл бөлініп келеді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Оспанова Жансая Жолтайқызымен сұхбаттасқан еді.
– Жансая Жолтайқызы, жалпы ауданда мәдениет саласында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
Жамбыл ауданы Әулиеата өңіріндегі облыс орталығына ең жақын орналасқан аймақ. Әрі ұлы ақын Жамбыл атамыздың есімі берілгендіктен, біз мәдениет пен өнерге ай кезде де басымдық беріп отырамыз. Салада жетістіктер де атқарылған жұмыстар да көп. Есепті кезеңде ауданның мәдениет саласында жоспарланған шаралар мен көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда ауданда 50 мәдениет нысанында 317 қызметкер тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде 11 әкімшілік, 149 шығармашылық, 157 техникалық қызметкерлер. 2024 жылы бөлім тарапынан 34 іс-шара өткізіліп, оған 600 адам, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 1140 іс-шара ұйымдастырылып 19 900 адам, аудандық мәдениет үйі бойынша 810 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 70 049 адам, аудандық тарихи-өлкетану музейі бойынша 54 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 2 100 адам қамтылған. Аталған іс-шаралардың барлығы тұрғындарға рухани серпіліс сыйлауға, ауданның беделін асқақтатуға бағытталған. Атап өтсем, өткен жылы аудан өнерпаздары 2 республикалық, 7 облыстық байқауларда жеңімпаз атанды. Бұл жетістігімізді биыл да өз мәресінде орындап, Жамбыл мәдениеті асқақтай түседі деген ойдамыз.
– Осыдан 5-10 жыл бұрын ауылдағы мәдениет үйлердің есігінде қара құлып тұратын, қаржының аздығынан клубтар өз деңгейінде жұмыс істемеді десек те болады. Бүгінгі ауыл мәдениетінің ахуалы қандай?
– Рас айтасыз, ел егемендігінің алғашқы жылдарында елімізде әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан көптеген сала ілгері баса алмай қалды. Қай елде болмасын мәдениет пен өнер дамымай, халық рухани тоқырауға түсетінін айдан анық. Ал қазір ол кезде келмеске кетті. Ауылдық аймақта «Мәдениет үйлері» мен клубтар қазір жаңаша келбетке енген. Ол жерде кәсіби мамандар алынып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі үйірмелер өткізіледі, ауыл балалары түрлі байқауларға дайныдалады. Тіптен қазір тұрғындар да еңселерін тіктеп сол жерге кез келген іс-шараларға, жиындарға еркін келе алады. Біздің аудан бойынша аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клубтарда барлығы 95 үйірмеге 1034 адам қатысады. Оның 69-ы балалар үйірмесінде – 776 бала қамтылған. Балалар үйірмесіне әлеуметтік аз қамтылған, қиын топтағы балалар тартылған. Өткен жылы үйірмеге қатысушылардың төртеуі халықаралық, үшеуі республикалық, біреуі облыстық байқауларда жеңімпаз атанып, аудан мерейін өсірді.
– Көпшілікке мәлім, биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыста «Кітап оқу жылы» деп жариялады. Бұл мақсатта қандай жоспарларыңыз бар?
– Мен осы жаңалықты естіп, өзім бір қуанып қалдым. Себебі, қанша бай болсақ та, рухани байлық адамға үнемі қажет болады. Жалпы аудандағы кітапханалардың жағдайына келетін болсам, кітап қоры 229 522 дананы құраса, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 158 979 дана. Жыл басынан бері ақпараттық жүйеге 229 522 дерекқор енгізілді. Кітапханалар жанынан ашылған 21 цифрландырылған ақпараттық орталықтар тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ақпараттық орталықтарда ауыл тұрғындарына «egov.kz» порталы арқылы 20-дан астам қызмет түрлері қолжетімді болса, 2024 жылы 2 634 жеке тұлғаға 3 997 анықтама берілген. ҚР Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы негізінде кітапханашыларға қолдау көрсетіліп, айлық жалақысы 2022-2025 жылдар аралығында, әр жыл сайын 20% -дан қосылып, 2025 жылы 100% -ға жетті. Бұл өз кезегінде мамандыққа деген жастардың ынтасын арттыруға, мамандардың жұмысқа деген ынтасын арттыруға ең бастысы оқырмандардың кітапханаға көптеп келуіне өз септігін тигізбек. Иә, қазіргі таңда заман өзгерді, уақытқа байланысты саясат та, өмір де қас қағымда өзгеріп жатыр. Заман көшінен қалып қоймау үшін адам алдына мақсат қоюы керек. Ал, мақсатқа жетудің бірден-бір тәсілі — кітап оқу. Көп оқыған, білімді, сауатты жанның алдынан барлық есіктердің ашылатыны анық. Мәселен, жоғары білім алу да қаржылық жағдайға байланысты болып отырған бүгінгі қоғамда білімді болу үшін кітап оқыған дұрыс. Өйткені, кітап оқу үшін қаржының қажеті жоқ. Осы бір қағиданы қалыптастыру мақсатында биыл аудандық кітапханалар жүйесі көптеген іс-шараны жоспарлап отыр. «Кітап оқу жылының» шымылдығын Кітап оқитын өлке» атты аудандық жобасы аясында Жамбыл аудандық орталық кітапханасы ерекше іс-шара ұйымдастырды. «Оpen talk форматында ұйымдастырылған «Кітап менің өмірімде» тақырыбындағы басқосуға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы өзі қатысып, оқырмандармен, оның ішінде жастармен жүздесті. Қоғамда кітапқа деген қызығушылықты ояту мақсатында тек кітапхана ішінде ғана көшпелі кітап көрмесін, «Кітап оқу марафонын» ұйымдастырудамыз. Жалпы өткен жылдың 12 айында 31 005 оқырман тіркелді, индикатор 39% орындалды. 2024 жылы индикаторлық көрсеткіш бойынша оқырман саны аудан тұрғындарының 32 процентті құрауы тиіс.
– Аудан орталығы – Аса ауылында зәулім кітапхана салынып жатыр екен. Бұл осы жылға тарту ретінде ашылатын шығар?
- Әрине, аудандағы кітапханалар жүйесі әр жерде орналасқан. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында аудан орталығында екі қабатты үлкен кітапхананың құрылысы өткен жылы аудандық бюджет есебінен басталған болатын. Құрылыс жұмыстары бүгінде алпыс процентке аяқталды. Жыл аяғына дейін нысанды ашып, оқырмандар, тұрғындар игілігіне беріледі деген жоспарда бар. Бұдан бөлек, 2024 жылдың тамыз айында Ақбұлым ауылдық мәдениет үйі, қыркүйек айында аудандық тарихи-өлкетану музейі халық игілігіне пайдалануға берілді. Қазір Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жеке ғимараттарда орналасқан Ерназар және Өрнек ауылдық кітапханалары ағымды жөндеуден өтті. Ал ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан Бесағаш ауылдық клубы мен Шәкен Ниязбеков ауылына 140 орындық ауылдық клуб ғимаратын салуға 2025 жылға аудандық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінді.
- Ауданда тарихи нысандар да көп. Бұларды қорғап, күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарға тоқталып кетсеңіз?
– Жамбыл ауданы аумағында 223 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген ең құнды біреуі – Ақыртас сарай кешені. Республикалық дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи және мәдениет ескерткіштерінің саны үшеу. Олар Айша бибі кесенесі, Бабаджа Хатун кесенесі, Жікіл қалашығы. Жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштер саны сексеннен асады. Жалпы аудан бойынша алдын ала есепке алынған 139 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Аталған нысандар үнемі біздің қадағалауымызда. Ол жерге жыл сайын мыңдаған туристер келеді. Мәдениет саласы сан қырлы, бір ғана бағытпен тоқталмайды. Ағымдағы жылға жоспарымыз өте көп. Әр ауылда тұратын талант иелерін дәріптеу, дарынды жастардың бұлақ көзін ашу, ұлтымыздың салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын өрістете өркендетуге үлес қосу, туған тіліміз жөнінде жұмыстар жүргізу және де тарихи-мұраларымызды жаңғырту біздің басты мұраттарымыз болып қала береді.
– Бүгінгі әңгімеңізге көп рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!