Made in Kazakhstan: Отандық киім өндірісінің әлеуеті қандай?
Қазақстанда киім өндірісі қаншалықты дамыған? Отандық фабрикалар қандай өнім шығарады, қазақстандық брендтер қай елдерге экспорт жасайды?
Қазақстанда киім өндіретін кәсіпорындар мен отандық сән брендтерінің қатары артып келеді. Бірі мектеп формасы мен арнайы киім тіксе, енді бірі балалар киімін, күнделікті гардероб пен спорттық бұйымдарды нарыққа шығарады. Сонымен қатар ұлттық нақышты заманауи дизайнмен ұштастыратын сән үйлері де бар. Олардың арасында ондаған жылдық тарихы бар фабрикалар да, кейінгі жылдары танылған жас брендтер де кездеседі. BAQ.KZ тілшісі отандық киім өндірісінің бүгінгі тынысына шолу жасап, елімізде қандай кәсіпорындар мен брендтер жұмыс істейтінін зерделеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 259,5 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда атаулы мәнде 22,6%-ға көп. Оның ішінде тоқыма өндірісі 159 млрд теңгені, киім өндірісі шамамен 84 млрд теңгені, ал былғары және оған қатысты бұйымдар өндірісі 17 млрд теңгеге жуықтады. Салаға тартылған негізгі капитал инвестициясы 40 млрд теңгені құрады.
Саланың ауқымын кәсіпорындар саны да аңғартады. 2025 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында 1 411 кәсіпорын жұмыс істеген. Оның 803-і киім өндірісімен, 481-і тоқыма бұйымдарын шығарумен, 122-сі былғары және оған қатысты өнімдер өндірумен айналысқан. Соңғы бес жылда салада 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40-тан астам жоба іске қосылған.
Бұл сандар Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің бір ғана бағытпен шектелмейтінін көрсетеді. Енді оның ішінде қандай кәсіпорындар бар, олар қандай өнім шығарады және отандық киім нарығы қалай қалыптасқанын қарастырайық.
Тарихы терең фабрикалар: отандық өндірістің негізі
Қазақстандағы киім өндірісінің негізін бірнеше онжылдық тарихы бар тігін фабрикалары құрайды. Олар мектеп формасы, ерлер костюмі, корпоративтік және арнайы киім сияқты тұрақты сұранысқа ие өнімдер шығарады.
Қостанайдағы «Большевичка» фабрикасы 1941 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын мектеп формасын, күнделікті және арнайы киімдерді тігеді. Өнімдері медицина, қауіпсіздік, мұнай-газ және теміржол саласының қызметкерлеріне де арналған. Фабрика дәстүрлі өндіріс бағытын сақтай отырып, жаңа киім үлгілерін де игеріп келеді.
Ерлер киімі мен классикалық костюм өндірісінде Алматыдағы «Қазлегпром-Алматы» және Түркістан облысындағы «Алтын Адам» кәсіпорындары бар. Олардың ассортиментіне ерлер киімі, аяқ киім, мектеп формасы және арнайы киім кіреді. Бұл сегментте Талғардағы өндірісімен танылған GLASMAN бренді де жұмыс істейді. Компания ерлер костюмдерін, шалбар мен жейделерді тігумен қатар, мектеп формасын және корпоративтік киім тапсырыстарын орындайды.
Алматыдағы «Семирамида» кәсіпорны сырт киім өндірісіне маманданған. Мектеп формасын шығаратын өндірушілердің қатарында Angelcher де бар. Петропавлдағы Sens Fashion мектеп формасымен қатар, әйелдерге арналған іскерлік киім, спорттық костюмдер мен свитшоттар тігеді. Кәсіпорын өнімдерін Ресей нарығына да жеткізеді.
Астанадағы «Астана Ютария LTD» корпоративтік киім мен ерлер костюмдерін өндіреді. Ал Шымкенттегі KazTexIndustry киім және арнайы форма тігу бағытында жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар отандық нарықтағы мекемелер мен ұйымдардың киімге деген сұранысын қамтамасыз ететін өндіріс орындарының қатарында.
Өңірлік тігін өндірісінде Көкшетаудағы «Арман» трикотаж кәсіпорнының да орны бар. 2006 жылдан бері жұмыс істейтін фабрика трикотаж бұйымдарын, балалар киімі мен мектеп формасын шығарады.
Қостанайдағы AZURIT компаниясы 1996 жылы құрылған. Кәсіпорын арнайы, мектеп, корпоративтік және медициналық киімдер тігеді. Сонымен қатар медициналық мақсаттағы бұйымдар да өндіреді.
Балалар киімі мен күнделікті гардероб: отандық брендтердің жаңа буыны
Ірі фабрикалармен қатар, Қазақстанда балалар, күнделікті және спорттық киімге маманданған отандық брендтер де дамып келеді.
Солардың бірі – MIMIORIKI. Textiline компаниясына тиесілі бренд балалар киімін өндіреді. Өндірістің толық циклі Алматы, Талғар және Текелі қалаларындағы үш фабрикада ұйымдастырылған. Компанияда 150-ден астам адам еңбек еткен. Бұған қоса, бренд Қазақстан, Ресей және Украина нарығында өнімдерін ұсынып, Disney компаниясымен бірлескен топтамасын да таныстырған.
GLASMAN ерлер киімі мен мектеп формасын шығаруға маманданған. Талғардағы фабрикада төрт өндірістік желі жұмыс істейді. Кәсіпорын пиджак, шалбар, жейде және трикотаж бұйымдарын тігеді. Сонымен қатар әуе компаниялары, банктер, ұлттық компаниялар мен білім беру ұйымдарына корпоративтік киім тапсырыстарын орындайды.
Күнделікті базалық киім сегментінде 2017 жылы құрылған Qazaq Republic бренді бар. Оның ассортиментіне футболка, худи, свитшот секілді күнделікті киімдер кіреді. Ал SHOQAN SUITS ерлерге арналған классикалық костюмдер, аяқ киім мен аксессуарлар ұсынады.
Қарағандыдағы AVISHU әйелдерге арналған базалық киім шығарудан басталған. Виктория Пак негізін қалаған компания өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтеді. Ал Оралдағы MEKO күнделікті және спорттық киімдерге басымдық береді. Бренд футболка, свитшот, спорттық костюм мен аксессуарлар шығарып, өнімдерін Қазақстан және ТМД нарығына жеткізеді.
Әйелдер сәні бағытында Атыраудағы ELZA&ART ательесі жұмыс істейді. Эльза Қалиева негізін қалаған бренд кешкі көйлектер мен ұлттық нақыштағы авторлық киімдер әзірлейді. 2019 жылы Парижде өткен «Қазақстан күзі» сән көрсетіліміне қатысты.
Спорттық киім сегментінде ZIBROO және ALERMA брендтері бар. ZIBROO спорттық киім мен сырт киім шығарса, ALERMA сырт киімге, соның ішінде күртешелерге маманданған. Ал Megasport компаниясы Champion брендімен корпоративтік және жеке тапсырыстарға арналған спорттық киімдер ұсынады.
Балалар мен жасөспірімдер киімін шығаратын кәсіпорындардың қатарында Көкшетаудағы «Арман» трикотаж, Қостанайдағы AZURIT және Жаңаөзендегі Kaliya Style бар. Соңғысы мектеп формасы мен күнделікті балалар киімін тігеді. Өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейге жеткізеді. Компанияның ассортиментінде 50-ден астам киім үлгісі бар.
Арнайы киім: өндірістің маңызды бағыты
Қазақстандағы тігін кәсіпорындары күнделікті және сәндік киіммен қатар, өндіріс пен медицина саласына арналған арнайы киім де шығарады.
Атыраудағы Safety Systems LTD отқа төзімді комбинезон, маусымдық күртеше және сигналдық кеудеше тігеді. Ал SULUMED медициналық қызметкерлерге арналған форма мен костюмдер ұсынады. Қостанайдағы AZURIT арнайы, медициналық және корпоративтік киім өндірісімен айналысады. Бұл бағыттағы кәсіпорындардың бірі – «Большевичка» фабрикасы. Оның ассортиментінде де өндірістік және медициналық форма бар.
Арнайы киім экспортында Семейдегі «Техноавиа – Қазақстан» кәсіпорнының көрсеткіші назар аудартады. Фабриканың жылдық өндірістік қуаты – 160 мың бұйым. 2025 жылы мұнда 135 171 тігін бұйымы шығарылып, өнімнің 85 пайызы экспортқа жөнелтілген. Кәсіпорында 152 адам еңбек етеді. 2026 жылы фабрика арнайы аяқ киім өндірісін де іске қосты.
Қазақстандық сән үйлері: авторлық дизайн мен халықаралық подиум
Қазақстанда жаппай киім өндірісімен қатар, авторлық топтамалар әзірлейтін сән үйлері де қалыптасқан. Олардың қатарында Aida KaumeNOVA, Ainur Turisbek, Aigul Kassymova, Aya Bapani, Kuralai және ALEX CHZHEN брендтері бар.
2006 жылы құрылған Aida KaumeNOVA сән үйі ұлттық нақышты заманауи киім үлгілерімен үйлестіреді. Дизайнер Аида Кауменова алғашқы өндірісін шағын тігін цехынан бастаған. Кейін жеке топтамаларын ұсынып, Қазақстан Fashion Week көрсетілімдеріне қатысты. Сондай-ақ 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысқан қазақстандық спортшылардың киімін әзірлеуге атсалысты.
Ainur Turisbek бренді ерлер мен әйелдерге арналған авторлық киім топтамаларын шығарады. Дизайнер жұмыстарында былғары, жүн және трикотаж секілді материалдар қолданылады. Бренд топтамалары халықаралық сән алаңдарында да таныстырылып келеді.
Қазақстандық сән индустриясындағы танымал есімдердің бірі – Құралай Нұрқаділова. Ол 1995 жылдан бері сән саласында еңбек етіп, кейін Kuralai сән үйінің негізін қалады. Брендтің негізгі бағыты – кешкі көйлектер мен салтанатты киімдер.
Ал Aya Bapani ұлттық қолөнерді заманауи дизайнмен ұштастырады. Дизайнер топтамаларында киіз, қол кестесі, жібек пен шифон қолданылады. Оның авторлық жұмыстары Қазақстанмен қатар, шетелдік сән көрсетілімдерінде де ұсынылған.
Aigul Kassymova сән үйі де авторлық киім үлгілерімен танымал. Ал ALEX CHZHEN бренді минималистік стильге, ерекше пішім мен киім құрылымына басымдық береді.
Осы бағытта JADO, LaRiya, AIMA, SALTA, ASSEL және AiSho брендтері де жұмыс істейді. Олардың топтамаларында әйелдер киімі, күнделікті сән үлгілері мен авторлық көйлектер ұсынылған. Бұл сән үйлері отандық дизайнерлік индустрияның ауқымын кеңейтіп, қазақстандық сәнге өзіндік қолтаңбасын қосып келеді.
Ұлттық нақыштағы киім: дәстүр мен заманауи дизайн
Қазақстанда ұлттық киім үлгілерін заманауи сәнмен ұштастыратын брендтер де бар. Солардың бірі – «Ерке-Нұр». Компания 1997 жылдан бері ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған ұлттық киімдер шығарады. Сонымен қатар дәстүрлі киім үлгілерін бүгінгі талапқа бейімдеп, ұлттық киім театрының жұмысын да дамытқан.
Бұл бағытта «Асыл-Дизайн» сән және ассортимент ғылыми-өндірістік орталығының ASPARA және Aidar Khan брендтері де танымал. Орталық 22 жылдан астам уақыт ішінде 60-тан аса коллекция әзірлеген. Оның топтамаларында пальто, камзол, белдемше, блузка және трикотаж бұйымдары бар. Өнімдері ТМД елдеріне де экспортталады.
Қызылордадағы Aiman Abdi QAZAQBRAND балаларға арналған ұлттық киімдер тігеді. Ал Ақтаудағы Yerkin-Ai сән үйі 2018 жылдан бері әйелдерге арналған заманауи ұлттық киім үлгілерін әзірлеп келеді.
Ұлттық нақыштағы тоқылған киімдер сегментінде Zefi бренді бар. Оның ассортиментінде Италияда өндірілген меринос жүнінен тоқылған әйелдер кардигандары ұсынылған. NUR SHAH, Kaidarova.ethnic, Moonshuaq және Meraly брендтері де ұлттық элементтерді заманауи киім үлгілеріне енгізіп жүр.
Осылайша, этно-стиль тек мерекелік киіммен шектелмейді. Отандық брендтер ұлттық ою-өрнек пен дәстүрлі пішімдерді күнделікті киімге, сырт киімге және балалар гардеробына бейімдеп келеді.
Отандық киім қай елдерге экспортталады?
Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарықпен қатар, шетелге де жеткізіледі. Өнеркәсіп комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 176,5 млн АҚШ долларын құраған. Оның 52,6 пайызы Ресейге, 14,4 пайызы Беларуське, 5,3 пайызы Қырғызстанға тиесілі. Қалған бөлігі өзге нарықтарға жөнелтілген.
Экспортқа дайын киіммен қатар, мата, жіп және тоқыма бұйымдары да шығарылады. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында жоғары берікті жіптерден өндірілген маталар экспорты 1,7 есе, ал мақта жібінен тігілген ерлер шалбары мен шортылар экспорты 1,5 есе өскен.
Жекелеген кәсіпорындардың экспорттық бағыттары да әртүрлі. Петропавлдағы Sens Fashion мектеп формасы мен спорттық киімдерін Ресейге жеткізеді. Семейдегі «Техноавиа – Қазақстан» арнайы киім өндірісінің 85 пайызын экспортқа бағыттаған. Ал «Асыл-Дизайн» ұлттық нақыштағы киімдерін ТМД елдеріне ұсынады. Жаңаөзендегі Kaliya Style өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарығына жеткізіледі.
Қарағандылық AVISHU да өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтеді. Ал спорттық киім өндіретін ZIBROO бренді Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропа нарығына шыққан.