Made in Kazakhstan: Ауылдың қызғалдағы
Ертіс өңіріндегі Ақтоғай ауданы Қараоба ауылының тумалары қызғалдақ өсіріп, мереке қарсаңында әсем гүлдердің алғашқы партиясын жинады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мыңдаған гүл шоғы ішкі нарыққа жол тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
300 шаршы метрді алып жатқан жылыжай облыстағы ауылдық жерде ашылған алғашқы гүл өсіретін орын саналады. Шағын кәсіпорынды ашуға жас азаматтар Махмұт Тұрсын мен Нұрай Әлім мұрындық болған.
Гүл өсіру – ыждахаттылық пен төзімділікті талап ететін кәсіп. Жас кәсіпкерлер бұл ілкімді бастамасы арқылы отандық өнімнің сапасы импорттық тауардан кем болмайтынын дәлелдей білді.
Шағын бизнеске «Kereku flowers» деген атау берілген. Махмұт Тұрсын мен Нұрай Әлім соңғы бес жыл бойы Қазақстандағы гүл бағбандарына голландық қызғалдақтардың баданасын тасымалдаумен айналысып келеді. Ал биыл серіктестер гүлдерді жергілікті климаттық жағдайда өсіріп, ерекше жағдайда көруді шешкен. Осылайша, голландық технология ауылда да меңгеріліп, жоба табысты жүзеге асырылды.
Бұл идеямызды жүзеге асыруға бел будық. Өсімдіктерді Қараоба ауылының топырағына бейімдеп қана қоймай, тұтынушыларымызға сапалы өнім ұсынғымыз келді. Мақсатқа қол жеткіздік. Біз қызғалдақтардың тұқымын, яғни баданасына бір жыл бұрын тапсырыс бердік. Кейін қолдан жасалған жүйектерге отырғыздық. Ең бастысы, өсірілетін материал мен жылыжайжың болса болғаны. Өсірудің формуласы қиын емес. Ауданда жылыжайлар жетерлік. Тәжірибе бар. Олардың барлығы тек көкөніс салуға арналған. Ал біз алғашқылардың бірі болып гүл өсіруді қолға алдық. Осылайша, «Гүл бизнесі тек Оңтүстік өңірлерде дамыған» деген стереотипті жоққа шығаруға тырыстық. Еңбектен, жұмыстан қорықпау керек. Туған жерге көшу туралы шешім қабылдаған сәтте «Ауылда не істейміз?» деген сауал мазалады. Уақыт өте келе дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, - дейді Махмұт Тұрсын.
Қызғалдақ халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында сұранысқа ие болады. Көктем мейрамына орай ауыл кәсіпкерлері 100 мың түп гүл өсірілді. Бизнес жоба бойынша кәсіпкерлер жылыжай кейінгі уақытта бос тұрмас үшін бір жыл бойы таушымылдық, раушан пен лизиантус өсірмек. Сонымен қатар, қиыр, қызанақ сияқты көкөніс түрлерін өсіру жоспарда бар.
Қазіргі уақытта гүлдерді жинау жұмыстарына он бес адам жұмылдырылған. Олар екі ауысым бойынша еңбек етеді. Бұл бір жылыжайды күтуге, гүлдерді жинауға және жоспарланған жұмыс ауқымын орындауға жеткілікті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жылыжай аштық. Жобаға 1,2 миллион теңгенің грантын алдық. Бұл қаражатты құрал-жабдық сатып алуға жұмсадық. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 млн теңгенің несиесін алдық. Қолдау болғанда бизнес ашу қиын емес. Жеке қаражатымызды да инвестицияладық, - дейді Мақсұт Тұрсын.
Кәсіпкерлер гүл өсуді қолға алмас бұрын білімдерін молайтқан. Өздері сияқты бизнес өкілдерімен тәжірибе алмасып, жиған-тергендерін тәжірибе жүзінде іске асырған. Заманауи технологиялар мен техниканы пайдалану білу, жұмыскерлерді оқыту жағы тағы бар.
Гүл индустриясы - бір орнында орнында тұрмайтын шаруа. Бұл кәсіпты тыңғылықты меңгерген мемлекеттерден көп нәрсені үйренуміз керек. Жылыжай ішін жылыту үшін «Ақылды пеш» пен «Вулкан» радиаторлы желдеткіші қолданылады. Ал қалған игіліктер өзіміздікі. Құнарлы топырақ, су және жұмыскерлеріміздің қамқорлығы. Өнім экологиялық таза, ешқандай химикаттар пайдаланылған жоқ. Қызғалдақ нәзік болып көрінгенмен, салқын ауа арайына төзімді. Жылыжай температурасы 12-14 градустан аспаса, өсе береді, - дейді кәсіпкер.
Қараоба ауылдық округінің әкімі Шолпан Байдильдинаның айтуынша, жас кәсіпкерлер жұмыссыз отырған тұрғындарға екі қолға бір күрес ұсынды. Осылайша, жұмыссыздық деңгейін азайтуға үлес қосуда. Алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейту жоспарланған.
Ауылымызда еңбек етемін деген жастарға қолдау бар. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бір жас отбасы 23 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін алып, мал өсіріп жатыр. Жастардың ауылға ағылуы қуантады. Елді мекеніміз шағын болса да, соңғы уақытта тоғыз маман «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. Жеті отбасы тұрғын үй бағдарламасының игілігін көріп, баспаналы болды. Жас азаматтар үшін алаңсыз өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Ауылға оралатын жастар саны көбейеді деген сенімдемін, - дейді Шолпан Байдильдина.
Кәсіпкерлер шетелден тасымалданатын қызғалдақтарды ығыстыра алмайтыны белгілі. Сарапшылардың есебінше, отандық тауар жергілікті нарықтың сұранысын тек 20%-ға өтеп отыр. Десе де, отандық өнімнің орны бөлек. Ауылдың топырағында өсірілген әсем гүл шоқтары әр адамның жанына жақын екені анық.