Мадагаскар президенті француз әскери ұшағымен елден шығып кетті
Мадагаскар президенті Андри Радзуэлина елдегі жаппай наразылықтар аясында француз әскери ұшағымен елден кетті. Бұл туралы RFI радиостанциясы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылымның мәліметінше, Радзуэлина Франция президенті Эммануэль Макронмен келісім нәтижесінде елден шығуға мүмкіндік алған. Алдымен ол тікұшақпен Сент-Мари аралына ұшып барған, содан кейін Дубай бағытына бет алған француз әскери ұшағына отырған.
Француз билігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, өздерінің әрекеті тек Мадагаскар басшысының қауіпсіз кетуін қамтамасыз етуге бағытталғанын және елдің ішкі ісіне әскери араласудың болмағанын атап өтті. Париж Реюньон аралында орналасқан француз әскери күштері енді ешқандай іс-шараларға қатыспайтынын мәлімдеді.
Мадагаскардағы жағдай соңғы апталарда күрт ушығып кеткен болатын. 25 қыркүйектен бастап елде электр қуаты мен судың үзіліссіз берілуіндегі қиындықтарға байланысты жаппай наразылықтар басталған. Кейін бейбіт шерулер тәртіпсіздіктерге ұласып, қақтығыстар кезінде бірнеше адам қаза тапқан.
29 қыркүйекте Президент Радзуэлина халық наразылығының күшеюіне байланысты Үкіметті тарату туралы шешім қабылдаған еді. Ал 12 қазанда БАҚ оның елден кетуі мүмкін екенін хабарлады. Әскерилер жастар мен студенттер қатысқан шерулерге қарсы әрекет етуден бас тартқан соң, Президенттің биліктен кету процесі жеделдеді.