Маңғыстаулықтардың 56% тұщытылған теңіз суын ішеді
Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғындардың қалған бөлігі Астрахань-Маңғышлақ су құбырын және жерасты су көздерін пайдаланып отыр.
Шалғай өңірдің халқы табиғи туу көрсеткіші бойынша республикада жетекші орында тұр. Тұрғындар санының көбеюі, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы саласының жыл санап дамуы ауызсуға деген сұранысты арттырып келеді.
Сәйкесінше теңіз суын тұщытатын зауыттардың жұмысын жандандырып, олардың қатарын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Мәселен, Ақтаудың іргесіндегі «Каспий су тұшыту зауытын» жаңғырту жұмыстары былтыр басталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3,1 млрд теңгеге ескі қондырғылар жаңартылды. Мұнан соң зауыттың су тұшыту қуаты тәулігіне 30 мың текше метрге жетті.
Қазіргі таңда «Каспий су тұшыту зауыты» облыс орталығына іргелес Мұнайлы ауданын 100%, сондай-ақ Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылын ауызсумен қамтамасыз етіп келеді.
Ендігі меже – кешеннің жұмыс өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу. Құны 10 млрд теңгеге есептелген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Мемлекеттік сараптамадан да өтіп тұр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы қаржыландыру көзделген.
Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Жандос Салимовтың айтуынша, бүгінде өлке бойынша бас-аяғы қалалық үш елді мекен жүз пайыз, 58 ауылдың 69%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
«Биылғы жылы қаржының бөлінуімен жоспарлы жұмыстар жасалған жағдайда су тұщыту зауыты Мұнайлы ауданын толықтай, сонымен қатар Түпқараған ауданына қарайтын Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді ол.
Бүгінде Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарына тіршілік нәрін бөліп отырған зауыт осыдан екі жыл бұрын тәулігіне небәрі 10 мың текше метр су өндіретін еді. Қайта жаңғыртылған соң қуаты үш есеге артты.
Мемлекеттік бағдарламаның қолдауының арқасында озық үлгідегі технологиямен жабдықталды. Тозығы жеткен қондырғылар бірнеше есе қуаттысына ауыстыру, зауытқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұлттық қордан үш млрд теңге жұмсалды.
Зауыттан тікелей су құбыры тартылған 200 мыңнан астам жер үйдің тұрғындары тұщытылған теңіз суын ішіп отыр.
«Үйімізге ауыз су құбырының тартылып, келіп тұрғаны біздің елді мекеніміздің, қала берді еліміздің өсіп-өркендеп жатқандығының нақты бір көрінісі деуге болады. Бұл, Президентіміздің саясатының жемісі – халықтың жеңісі! Бүгінде Мұнайлы ауданында 140 мыңға тарта халық тұрады. Олардың барлығы да теңіздің тұщытылған суын ішіп отыр. Бізге көршілес қонған екі аудан халқы да жақын жылдары жүз пайыз ішер сумен қамтылатынына біз сенеміз», - дейді Мұнайлы ауданында тұратын Құлжан Егізқараев есімді ақсақал.
Алдағы жылдары зауытта қалып тұрған ескі су қондырғыларын да түгел жаңарту жоспарланған. Мұнан соң кәсіпорынның жұмыс қуаты тәулігіне 40-50 мың текше метр теңіз суын сүзгіден өткізуге жеткізілетін болады.
Зауыт қуатының күшеюі өңір тұрғындары үшін тиімді. Кәсіпорын қайта жабдықтаудан өтіп, заманауи су тұщыту құрылғыларының іске қосылуы шалғай аймақты сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді. Қазіргі таңда «Каспий су тұшыту зауытында» 121 адам қызмет етеді.
«Елбасымыз өзінің Жолдауында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін алдымызға мақсат етіп қойғаны баршамызға белгілі. Бүгінгі «Каспий су тұшыту зауыты» қайта жаңғыртудан өтті. Бұл тәуелсіз елімізді дамытудың, қазір өңіріміз үшін ең өзекті болып отырған ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге өз септігін тигізеді. Алдағы уақытта зауыттың жалпы қуаттылығын 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл жоба да сәтті жүзеге асырылатынына сенемін», - деген еді зауыт қызметінің екінші сатысының іске қосылуына қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жалпы бұл кешеннің қуаттылығы жоғары. Ол тәулігіне 50 мың текше метр су тазарта алады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуы тиіс жобаға байқау жарияланды. Қаржы көзінің анықталса, жоба құрылысы басталмақшы.
«2019 жылдың бірінші тоқсанында тәулігіне 40 мың текше метрге дейін су өндіруі үшін зауытты жаңғыртудың екінші кезеңіне әзірлік шаралары жүріп жатыр. Бұл кезеңді дамыту жоспары бес миллиард теңгені құрайды. Қаржының бір бөлігі ескі құрылғыларды жаңартуға, жаңа құбырлардың құрылысы мен автоқұйғыш машиналарды жаңартуға жұмсалатын болады. Ол өз кезегінде Түпқараған мен Маңғыстау аудандарын орталықтандырылған су жүйесіне қосуға, техникалық судың жіберілуін Ақтау қаласының солтүстік бөлігіне ауыстыруға мүмкіндік береді. Зауыт өте жақсы жерде орналасқан, осы жерден барлық ауданға қосылатын орталық магистраль өтеді. Апаттық жағдай болған кезде, МАЭК мекемесімен бір-біріміздің қызметімізді ауыстыра аламыз. Біз жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша екі зауыттың да суын араластырсақ, адам денсаулығына еш зиян келмейді», - дейді «Каспий су тұшыту зауытының» директоры Владимир Мурашко.
Оның мәлімдеуінше, қажетінше бұл зауыттың әлеуетін 100-120 мың текше метрге дейін өсіруге болады екен.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысын ауызсумен қамтамасыз ету тұщытылған теңіз суы, жерасты су көздері және «ҚазТрансОйл» мекемесінің Астрахань-Манғышлақ су таратқышы арқылы беретін Еділ өзенінің суы секілді үш жол арқылы шешімін тауып отыр.
Осы үш су көзі арқылы осыған дейін облысты ауызсумен қамту көрсеткіші жылына 41,6 млн текше метрді көрсетті. Өңірдегі теңіз суын тұщытумен айналысатын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданын, ал «Каспий су тұшыту зауыты» Мұнайлы және Түпқараған аудандарының Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Құрық ауылдарына және Ақтау қаласының солтүстік бөлігіне тұщы су жеткізіп келеді.
Ал жерасты су кен орындары суын негізгі тұтынушылар Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Бейнеу аудандары болса, Астрахань-Манғышлақ су таратқышы арқылы берілетін Еділ суын Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Қарақия аудандарының тұрғындары мен мұнай-газ өндіру компаниялары тұтынуда.
Жері шөлейтті, климаты қатал Маңғыстау облысында жерасты су көздері де тапшы. Сондықтан да жергілікті билік Құрық теңіз айлағы маңынан тағы бір теңіз суын тұщытатын зауыт салуды көздеп отыр.
Мемлекет-жекешелік әріптестігі тетігі бойынша салынатын зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытады деп шамаланған. Конкурстың бірінші кезеңі бойынша «Safbon Water Service Holding Inc Shanghai» компаниясы жеңімпаз болған. Жаңа зауыттың құрылысы 2020 жылға дейін жүргізілуі тиіс.
Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл жобаның алдын ала құны 37 млрд теңгеге есептелген. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Кейін осы зауыттан шығатын тұщытылған теңіз суын тарату үшін «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» су таратқышын салу да жоспарланған.
Құны 29,9 млрд теңге тұратын бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Биыл жобалау жұмыстары басталады.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы Қарақия ауданының Құрық, Мұнайшы, Жетібай ауылдарын, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылын ауызсумен толық қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, Ақтау қаласы, Қарақия және Маңғыстау аудандарында егін және мал шаруашылығын дамыту үшін де пайдаланылады.
Томирис ӘДІЛ