Маңғыстаулықтар «Бизнес үш күнде» пилоттық жобасының шарапатын көріп жатыр

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов көтерген тың бастаманың республика аумағында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде баламасы жоқ.

Бүгінгі күнге дейін «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» атауымен көпшілікке танылған аймақтық жоба атауы өткен айда «Бизнес 3 күнде» бағдарламасы болып өзгерді. Оның аясында жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалып қана қоймай, олардың жеке кәсіппен шұғылдануына жол ашылып отыр. Яғни, бұл бастаманың аталымынан бөлек, мазмұны да түбегейлі өзгерді.

Бірер ай бұрын Жаңаөзендегі әкімшілік алдына мұнай саласынан жұмыс сұрап, билікке талап қойған көпшілік арасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар да болған еді.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес осы санаттағы қала тұрғындары «Бизнес 3 күнде» жобасына бірінші кезекте қатысуға мүмкіндік алып отыр. Олардың арасынан қысқа мерзімде іс бастап, жағдайын түзетіп алғандары да аз емес.

Мәселен, Гүлсім есімді Жаңаөзен тұрғыны бас-аяғы екі күнде кәсіп бастап, үйінен тәтті тағамдар шығара бастады.


«Күнделікті шығарған тауарымды қала аумағындағы дүкендерге жөнелтіп әрі жеке тапсырыстарды орындаудың арқасында тәулігіне орта есеппен 25 мың теңге пайда тауып отырмын» - дейді көп балалы ана.

Жалпы «Бизнес 3 күнде» жобасы маұнайшылар шаһарында іске аса бастағалы елуден астам тұрғын өз кәсібін ашқан. Нәтижесінде Жаңаөзенде жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтере бастады.

Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе қамқорлыққа зәру отбасыларға үй ішінде бизнес бастауына керек қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп отырған жоқ. Барлық шығынды аймақ кәсіпкерлері, ірі құрылыс компанияларының басшылары көтеріп келеді.

Наурыз айында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Үкіметтің жұмыс тобы мүшелері осы жобамен танысқан болатын. Өлке меймандары аймақ әкімдігі қолға алған осы бағдарламаны Елбасының жүргізіп отырған саясатын әрі идеологиясын қуаттай түсетін жобалардың бірегейі деп беріп кетті.

«Бизнес 3 күнде» кәсіпкерлік жобасы осыған дейінгі әлеуметтік бағдарламалардан мүлдем өзгеше. Бұл жоба аясында мамандар күнкөріс деңгейі өте төмен отбасыларды тауып, қандай кәсіпке икемі барын анықтайды. Содан кейін, бизнес бастап кету үшін қажетті құрал-жабдықтарын, өнімге қажет шикізатын әперіп, тауар белгісін жасақтаудан бөлек өндірген тауарын сауда нүктелеріне шығаруға және бизнес ортада тұрақтануға көмектеседі. Басты назар аударатын дүние - бизнесін ашқан отбасыға несиесіз, кепілсіз, ең бастысы қайтарымсыз көмектің берілуі бізді қуантып отыр. Бұл, өз кезегінде өзгелерге үлгі жоба деп айтуға тұрарлық» - деген еді Үкімет мүшелері.

Бір ескеретін жайт, аталған жобаға қатысушы қандай да бір себептермен өз кәсібін жүргізуге шарасыздық танытса, мамандар бұл бизнесті басқа адамға тапсыруға құқылы.

Осыған дейін Ақтауда өткен комиссия отырысында облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы «Бизнес 3 күнде» кәсіпкерлік жобасы аясында 370 жаңа жеке кәсіп түрлерін ашуды тапсырған болатын.


Атап айтсақ, Ақтау қаласы бойынша жүз кәсіп (шамамен 187 мың адам қамтылуы тиіс); Жаңаөзенде жүз кәсіп (151 мың адам); Мұнайлы ауданы бойынша елу кәсіп (165 мың адам), Бейнеуден отыз кәсіп (70 мың адам), Қарақия ауданында да отыз кәсіп (38 мың адам), Түпқараған мен Маңғыстау аудандарында да отыз кәсіптен (32 және 39 мың адам) ашу күн тәртібінде тұр.

Жеке кәсіп ашуға баулитын басқа да әлеуметтік бағдарламалардан тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетейік, «Бизнес 3 күнде» кәсіпкерлік жобасына желілік маркетинг тәсілдері қолданысқа енгізілген. Мәселен, үй жағдайында бизнес бастап кәсібі тұрақтанған азамат бес тұрғынның кәсіп ашуына қол ұшын созған жағдайда оған әр адам үшін арнайы сыйақы беріледі.


Осылайша кедейлікті жою әрі бизнеске баулудың тың тәсілін қолға алған маңғыстаулықтардан өңірге көрші мемлекеттер үлгі алып, өз тәжірибесіне қолдануға ниетті екендерін білдіріп жатыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы