Маңғыстаулық студенттер пара алатын оқытушыларды атап көрсетті
Ақтау, BAQ тілшісі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті сәуір айынан бастап Ақтаудағы 14 жоғары және арнаулы орта оқу орнында білім алып жатқан студенттер арасында сауалнама жүргізді.
Мұндағы мақсат айқын - жергілікті білім беру саласындағы жемқорлықтың деңгейін анықтау. Құзырлы орган өкілдері жүргізген сауалнамаға студенттер жеке қатысып, пара алуға бейім оқытушылардың аты-жөндерін жазып көрсеткен.
Осы сауалнамаға атсалысқан үш мыңға тарта жастар Ақтаудағы туризм, гуманитарлық, медициналық, политехникалық, энергетикалық, өнер, шетел тілдері, «Болашақ», «Мейірбике», «Қайнар», есеп-технологиялық, технологиялық қызмет көрсету, Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің көпсалалы колледжі мен Мұхамеджан Тынышпаев атындағы көлік колледжінде білім алуда.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Бәйгебаев бұл сауалнама қорытындысында шалғай өңірдегі оқу орындарының барлығында дерлік сыбайлас жемқорлықтың әлі де болса белең алғанын айтып отыр.
«Сауалнама жауаптарының басым көпшілігінде студенттердің колледжге түсу кезінде пара арқылы грантқа өтуді ұсынған, емтихан кезінде өздеріне түскі ас ұйымдастыру, авторлық кітабын сатып алуға мәжбүрлеуге бейім оқытушылардың аты-жөндерін көріп отырмыз. Бұл ретте, олар сұрайтын пара көлемі екі-бес мың теңгеден басталады. Олардың есімдерін жастар ашық мәтінде жазып, бізге айтып берді», - дейді Қайрат Бәйгебаев.
Айта кетейік, осы өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ - жарқын болашақ» атты клубтар жұмыс істейді. Өкінішке қарай, олар туралы қандай да бір мәліметтен бейхабар студенттер жетерлік. Нәтижесінде өзі басынан өткерген жемқорлық дерегі туралы жас буын өкілінің барлығы бірдей бірден айтып беруге дайын емес.
«Біздің жоспарымызда жоғары немесе арнаулы орта білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын ала отырып, мұғалімдердің көпшілік алдындағы беделін, мәртебесін түсірмеу міндеті тұр. Осы ретте айта кетсек, егер қандай да бір жемқорлық дерегіне куә болған адамнан 1424 сall орталығына хабарласуы сұралады», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары.
Сауалнамада көрсетілген жауаптарға сәйкес студенттер кейбір колледждерде емтихан сұрақтары тегін таратылмайтыны туралы да қағазға жазып беріпті. Жалпы анықталған кемшіліктерді жою бойынша аймақтағы білім беру ұйымдары басшыларына хабарланып, тиісті шаралар алынған.
Толықтыра түсейік, Маңғыстау өңірінде жоғары және арнаулы орта білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған форум, дөңгелек үстелдер мен ашық пікірталас түріндегі сайыстар жиі өтіп тұрады.
Колледждерде сатушысыз жұмыс істейтін «Адалдық» дүкендері бірінен соң бірі ашылып жатыр. Студент бойына адалдық, өз ісіне сенімділігін оятуға бағытталған мұндай дүкен иелерінен құзырлы органдарға әзірге ешбір арыз-шағым келіп түспеген.