Маңғыстауда жыл басынан бері медициналық жабдықтар алынбаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы және облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен өңірдегі медицина орындарына талдау жүргізілді. 

Жұмыс барысында облыстың мемлекеттік ауруханаларына, емханаларына және перзентхана орталықтарына мониторинг жасалды.

Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, мониторинг барысында ауруханалар мен емханалардың медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі, болашақ аналардың скринингтен өткені, қанша нәресте туылғандығы, олардың амбулаториялық тексерістен өтуі және бала өлімі деректеріне мониторинг жасауға аса мән берілді.

"Талдау нәтижесінде Маңғыстау облыстық ауруханасында сатып алу шарты бойынша 2019 жылдың басынан бері медициналық жабдықтар алынбағаны, облыстық перинаталдық орталығында жаңа туылған нәрестелерге арналған төсектің жетіспеуі, Маңғыстау аудандық перинаталдық орталығында медициналық жабдықтарды қолдану және сақтауда санитариялық нормалары сақталмағаны және Маңғыстау аудандық ауруханасында өртелуге тиісті пайдаланылған препараттар қоқыс жәшігінде жатқаны анықталды", - деп жазылған таратылған хабарламада.

Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша жұмыс тобымен талдау анықтамасы жасақталып, мониторинг жүргізілген медицина мекемелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы