Маңғыстауда бірнеше су тұщыту зауыты ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Суы тапшы өңірде ауызсуды табу және оны тиімді пайдалану – басты мақсат. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов судың көлемін көбейту бағытында жүргізіліп жатқан жаңа жобаларды атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес "Каспий" су тұщыту зауыты жанынан 20 мың текше метр су қондырғысын орнатып, зауыттың қуаттылығын ұлғайту жөнінде жоба жасақталуда. Құрылыс жұмыстары аяқталса, келер жылдың аяғында Мұнайлы ауданы толықтай сумен қамтылатын болады. Ал Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50 000 м3 су тұщыту зауыты құрылысын салу жобасы іске асырылмақ.
Қазіргі таңда қажетті құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылған. Нәтижесінде, Жаңаөзен қаласының тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылады. Бұл жұмыстарды "ҚазМұнайгаз" АҚ жүзеге асырады деп күтілуде.
Сонымен қатар "Қаражанбас" кен орнында су тұщыту зауытының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бір жарым жылда жаңа зауыттың құрылысы аяқталса, аталған кен орнының сумен қамтылу мәселесінің шешілуіне сеп болмақ. Сондай-ақ, Қиғаш-Маңғыстау арқылы пайдаланып отырған кен орнының 17000 м3 суын, өңір тұрғындарына жіберу мүмкіндігі пайда болады. Жалпы облыс көлемінде судың көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жасалып жатыр. Осы жобалар жүзеге асса, облыста ауызсу тапшылығы толық жойылады, - деді өңір басшысы Серікбай Өтелгенұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы