Маңғыстауда 158 шақырым жол қайта жаңартылуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында республикалық маңызы Р-1 «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автожолының 85 шақырымы мен А-34 «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан Республикасының шекарасы» автожолының 73 шақырымына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы (Нукус)» автожолындағы қайта жаңарту жұмыстарының нәтижесі бойынша күре жол ІІ-техникалық санатқа келтіріледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін жол өткелі, жол-пайдалану учаскесі мен автожолдың 85 шақырымында орналасатын жылыту пунктінің құрылысын аяқтау көзделген. Сонымен қатар, жол телімі бойынша және жолды абаттандыру бойынша барлық жұмыстарды аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл нысанда 332 білікті маман мен 155 бірлік техника жұмылдырылған.
Ал ұзындығы 73 шақырым «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан Республикасының шекарасы» автожолы І-б техникалық санатына келтіріліп, жолдың ені 27,5 метрлік, толық 4 жолақты жол болады.
Қазіргі таңда жолшылар жер қазу жұмыстарын аяқтап, жол жабынының жоғарғы және төменгі қабаттарын төседі. Нысанда 15 темірбетон құбырлар орнатылды. 2019 жылдың жоспары бойынша Жаңаөзен қаласы мен Шетпе ауылында жол-пайдалану учаскесінің қайта жаңарту жұмыстары мен құрылысы жүргізіледі.
Бүгінде нысанда 800 адам мен 565 бірлік жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған. Автомобиль жолы барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес абаттандырылады. Күре жолдың өсі бойынша қоршаулар мен жолдың бойында жаңа жол белгілері орнатылып, жолақтар салынады.
Нысандағы жұмыстардың толық аяқталуы 2019 жылдың соңына жоспарланған.