Маңғыстау облысында 11 адам жәндіктерге қарсы препараттардан уланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жыл басталғалы Маңғыстау облысында 11 адам жәндіктерге қарсы препараттардан уланған. Мұның соңы адам өміріне қауіп тудыруда. Өңірлік санитария саласының мамандары дабыл қағып, түсіндіру жұмысын жүргізді.


Ақтау қаласының әкімдігі мен санитария саласының мамандары дүкендерге рейд жасап, түсіндіру шараларын жүргізді.

 

Қазір базарда да, дүкендерде де жәндіктерді улайтын түрлі препараттар бар. Тұтынушы қалтасы көтергенін алуға болады. Ал дәрілік заттарды кім қалай қолданса өз еркінде. Сатушы  абайлап, мөлшерімен қолдануыңызды ғана ескертеді.

Алайда, мамандардың айтуынша, мұндай препараттарды сатуға сатушының  рұқсат қағазы болуы керек. Препараттардың түрлі әсері бар. Әсіресе, соңы адам өліміне әкеліп соққан жағдайлардың бірінде тұрғын үйлерге арналмаған улы химикат пайдаланылғаны анықталған. Сондықтан арнайы дезинфекциялаумен айналысатын мекемелерге жүгінген жөн. Шараның мақсаты да осы – уланудың алдын алу.

Негізгі міндет – дәрілеудің сапасыз, дұрыс қолданылмау салдарының алдын алу, кәсіпкерлер мен халыққа ескерту. Тексеріп, қарадық. Кейбір улы заттардың сертификаттары жоқ. Сертификаты болса да, оны қолдану бойынша түсіндіру шараларын жасамайды, - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман.

Қалада 1 мыңға жуық тұрғын үй болса, оларға 77 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Тәртіп бойынша, олар жылына 2 рет жертөлені жәндіктерге қарсы улауы тиіс.

Ал пәтер ішін дезинфекциялауды тұрғындар өз жауапкершілігіне алады, - дейді С.Гусман.

 

2019 жылы жәндіктерге қарсы препараттардан уланудың 13 оқиғасы тіркеліп, 3 адам көз жұмды. Оның екеуі – бала. Жуырда тағы бір отбасы ажал құша жаздаған. Абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, 3 адамды аман алып қалды. Ал жалпы, жыл басталғалы бір жарым айдың ішінде облыс көлемінде 11 адам уланған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы