Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген екі адамнан коронавирус анықталды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі болғандай, 50 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны әйелі мен тоғыз айлық баласымен Ақтауға 12 наурыз күні келген.

Жеке компания директорының кеңесшісі қызметін атқаратын азаматтың және оның жұбайының 40-тан астам адаммен жақын араласқаны анықталып отыр. Қазіргі таңда олардың барлығы да көпшіліктен оқшауландырылды. Оның ішінде 10 адам провизорлық госпиталға, қалғаны үй карантиніне жатқызылған. Сондай-ақ науқасты қала ішінде тасымалдаған екі такси жүргізушісі осы жаңалықты естіген бойда өз бетімен ауруханаға хабарласыпты. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Бұл туралы Ақтауда шұғыл өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Ләззат Есенғалиева хабарлады.

Ләззат Қайырбайқызының айтуынша, қауіпті дертті жұқтырған ерлі-зайыптылардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал олардың перзентінен алынған қан құрамынан COVID-19 табылмаған. Науқастар кеше түнде Ақтау қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл жеткізілген. Сол жердегі бокс палаталарда жатыр.

Әлгі азамат осыдан бірнеше күн бұрын Ақтаудағы жеке емханаға хабарласқаны белгілі болып отыр. Оған ақылы дәрігерлік қызмет көрсетіліп, созылмалы бронхит диагнозы қойылған. Осыған байланысты науқаспен жақын байланыста болған емхананың алты қызметкері провизорлық госпиталға жатқызылды. Ерлі-зайыптылар пәтер жалдап тұрған 11-шағын аудандағы 10-үйдің подъезі толық карантинге жабылды. Ол жерде кешелі түннен бері бірнеше рет дезинфекциялау шаралары жүргізілді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары.
Айта кетейік, 4 сәуірге қараған түні жоғарыда айтылған мекен-жайды карантинге жабу кезінде сол үйдің бір пәтерінде болған Бейнеу селосының тұрғыны үшінші қабаттан секіріп, қашпақ болған. Омыртқасына зақым келген ер адам қазір орталық ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі жағдайы тұрақты.

Карантин тәртібін бұзған адам сауығып, аяғына тұрған соң әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Маңғыстау облысында алғаш рет коронавирус жұқтыру дерегі 27 наурызда тіркелгені мәлім. Түркияға жұмыс сапарымен барған 46 жастағы ер адам таңғы әуе рейсімен Ақтау халықаралық әуежайына жеткен. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғынымен бір бортта келген 75 жолаушы мен ұшақ экипажы да провизорлық госпиталға жеткізіліп, денсаулығы тексерілді.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы оқшаулау орындарында 367 адам жатыр. Оның жүзден астамы үй каратиніне жатқызылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы