Маңғыстау мақамдарына арналған сайт ашылды
Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жоба авторлары осы жаңалықпен қоғамдық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде бөлісті.
Маңғыстау өңірінің дәстүрлі музыкалық мұраларын өнерсүйер көпшілікке жеткізуді көздейтін жоба "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Репертуарын құру, IOS және андроидқа арналған мобильді қосымшасын жасауға 2 жыл уақыт жұмсалған сайт Maqamsaz.kz деп аталады.
Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен жасалған сайт репертуарына 180-нен астам шығарма енгізілген. Осы өңірдің музыкалық орындаушылық мектебіне тән бұл туындылардың дені көпшілікке беймәлім десек еш қателеспейміз.
Репертуардағы шығармалардың саны 200-ге дейін жеткізіліп, жыл сайын толықтырылатын болады. Бұл сайттың бір ерекшелігі - шығармалардың авторы, орындаушылары туралы толық мәлімет беріледі. Сондай-ақ әр туындының жарыққа тарихы мен нотасы орналастырылған - дейді жоба авторы Сұлтанбек Құдайберген.
Мақамы мәшһүр Маңғыстау әуендерін сайттан не мобильді қосымшадан тыңдап, нота арқылы үйренуге де болады.
Maqamsaz.kz сайтындағы туындыларды ән, күй, жыр-терме және жыр күйі деп аталатын төрт бөлімнен көре аласыз. Олардың күйтабақ, магнитафон кассетасына жазылған нұсқалары халық арасынан жиналып, цифрлық тазалаудан өткен соң сайтқа салынған.
Осы тұста жоба авторлары дәстүрлі музыканы нотаға түсіруге машықтанған мамандар - маңғыстаулық дәулескер күйшілер Айтберген Жаңбыршы, Айдарбек Оңайбаев, Жұмабек Қадырқұловтарға алғысын жеткізді.
Есімі аталған бұл азаматтар бұл туындыларды бірнеше күн тыңдап, нотаға түсірді. Маңғыстаудың музыкалық мұраларының да кішкене "тарпаңдау мінезі" бар, ноқтаға да нотаға да басы сыймайтын. Сондықтан бұл еңбекті жасау біраз уақытты алдым. "Тірінің мерейі, өлінің үрейі" үшін деп осы шаруаны бірлесе атқарып шықтық. Әлі де алда жасалар жұмыс көп - деді С.Құдайберген.
Аталған жобада 50 автор, 60 орындаушы қамтылған. Соның ішінде тыңдарман мұнда әрі автор әрі орындаушы ретінде Бегендікұлы Сүгір жыраудың, Ұзақбай жырау Қазжандыұлы, Әлқуат Қожабергенұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Қарағұл Қонашұлының даусын ести алады.
Осыдан жеті жыл бұрын "Мақамы мәшһүр Маңғыстау" атауымен күйлер антологиясы CD-диск түрінде жарық көрген еді. Жобаның жүзеге асуына Әнуар Бимағамбет, Кенжебек Аяғанов, Ақылбек Тасқара есімді азаматтар атсалысты. Бұл жинаққа Маңғыстаудың бұрын-соңды беймәлім 45 күйі кірді.
Ал 2016 жылы өңірлік мәдениет басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік қызмет көрсету орталығының қолдауымен «Баба-сарын бабауы» деген маңғыстаулық өнер шеберлерінің антологиясы тыңдарманға жол тартты.
Бұл еңбектердің насихаттау ауқымы тарлығынан, соның ішінде дисктердің тиражын көбейтуге айтарлық қаржы қажет болған. Осы себепті мәселенің ең оңтайлы шешімі Maqamsaz.kz сайтын құру болып табылған.
Жоба авторлары алдағы уақытта маңғыстаулық өнерпаздардың жыршылық-орындаушылық шеберлігі туралы оқу-әдістемелік құрал шығаруды қолға алмақшы.
Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталған соң жыршылар мектебін құрып, жоғарыда сөз болған оқу-әдістемелік құрал арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру жоспарда тұр.