Мақтааралда азық-түлік қоймасына бейнебақылау орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі облыстық орталықтандырылған қоймаға бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Бұл өз кезегінде азық-түліктің ысырапсыз таралуы мен себепсіз үлестіруіне тосқауыл болмақ. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық "Nur Otan" партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлім етті.


Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қоймада орнатылған 4 бейнекамера екі жүк қабылдау есігі мен ішкі шыға беріс жағына орналастырылуда. Яғни, қоймаға әрбір келген және кеткен жүк көліктері таспаланатын болады. Бірнеше бейнекамера орталықтандырылған бір компьютерге жалғанып, басқарылады.
Камера орнатудағы мақсатымыз – ел аманатына қиянат жасау жайттарын болдырмау. Сонымен қатар, азық-түліктің ысырапсыз үлестіруіне жол бермеу. Оның үстіне қоймада сақталған заттардың кімге, қашан берілгенін нақтылап отыру үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта мұнда жиналған азық-түліктер топан судан зардап шеккен тұрғындарға есепсіз, ысырапсыз жетуіне баса назар аударылатын болады, - дейді Бейсен Дәулетұлы.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, күні кеше қоймаға Павлодар облысынан 20 тонна азық түлік пен 15 тонна киім-кешек және гигиеналық заттар жеткізілген. Естеріңізге сала кетейік, аталған қойма 2020 жылдың мамыр айының 3-нен бастап су басқан елді мекендерге көмек көрсету мақсатында құрылған болатын. Мұнда соңғы бір аптада 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Атап айтсақ, 97 тонна ұн, 2,5 тонна ет, 95 тонна дәнді-дақыл, 61 тонна көкөніс, 6 тонна консервілік заттар, 26 тонна сұйық май, 65 тонна арнайы дайындалған азық-түлік себеттері, киім-кешектер мен гигиеналық заттар қабылданған. Соның бүгінде 100 тоннаға жуығы Мақтаарал ауданындағы 11 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ, туған- туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға Атакенттегі №9 және №7 жалпы орта мектептерінен ашылған қоймалардан азық-түліктер жүйеленген тәртіппен таратылуда.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы