Мақтаарал: Су басқан ауылдарды күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Сарыағаш ауданына бекітілген Жаңатұрмыс елді мекенінде жалпы 4 арнайы техника мен 30 қызметкер жұмылдырылған, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Олар ауыл көшелеріндегі тасқыннан жиналған күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығарумен айналысып жатыр. Айта кетейік, аталған тазалық жұмыстарына Жаңатұрмыс елдімекенінің тұрғындары да белсене атсалысуда.
Сондай-ақ Достық елдімекеніндегі тазалық жұмыстарына Сарыағаш ауданы әкімдігі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, жалпы 3 арнайы техника, 20 қызметкер жұмылдырылып, бірқатар жұмыстар атқарылған.
Ал Келес ауданына бекітілген Фирдауси елдімекенінде 170 -тен аса үй арнайы сараптамадан өтіп, бұзу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда аталған елдімекендегі Нұрдала көшесінде 14 үй бұзылып, 4 үйдің алаңы тазартылған. Әр үйден шығып жатқан қоқыстың басым бөлігі балшық саз болғандықтан, орта есеппен тәулігіне 20-25 тонна қоқыс шығарылуда.
Фирдауси елдімекеніндегі жалпы 2377 азаматтың 1500-нан астамы Келес ауданына бекітілген 4 эвакуациялық пунктке жайғасқан. Қалғаны туған туысқандарының үйінде.
Дәл осындай жұмыстар Өргебас пен Жеңіс ауылдарында да жалғасуда. Бұл аймақтардағы тазалық жұмыстарын Жетісай мен Шардара аудандары жүргізуде.