Мақтаарал аумағына 300 млн текше метр су келді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстандағы су қоймасының бүлінуіне байланысты Мақтаарал ауданына келетін судың көлемі артты. Қазіргі мәлімет бойынша 300 млн текше метр су келді деуге болады. Бұл туралы арнайы облыстық штаб басшысының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев брифинг барысында айтты.

Брифинг барысында ол, судың артуына байланысты бірнеше елдімекенді су басу қаупі туындап отырғанын айта келе, облыс басшылығының тапсырмасымен арнайы штаб құрылғанын жеткізді.

 

Осы уақытқа дейін 4 елдімекенді су басып, 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Адамдар Атакент кентіндегі 10 мектепке бөлініп  орналастырылды. Ол адамдармен кездесіп, ұйымдастырылып жатқан жұмыстармен танысып қайттым. Мектептерге орналастырылған адамдарға медициналық қауіпсіздік құралдары беріліп, тамақпен қамтылуда,-деді Тәжібаев. 
 

Оның айтуынша, Нұрлы Жол, Фирдауси, Жантақсай және Жайлыбай елдімекендерінде бірқатар егістік алқаптарын су шайған.

Сондай-ақ, ол облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев су алған елдімекендерді аралап, жергілікті елдің жағдайымен танысқанын айтты.


видео: Облыстық штаб

Облыс басшысы штабтың отырысын өткізіп, барлық салалық, құрылымдық қызметтерге нақты міндеттерді тапсырды. Осындай төтенше жағдай өткен жылы Арыс қаласында болған еді. Облыс басшылығы Арыс қаласында болған алгоритмге сай жұмыс істеуді міндеттеп отыр. Облыстық штабтың мұндай тәжірибесі бар, сондықтан Мақтааралдағы су басу зардаптарын жоюда сол алгоритмге сай жұмыс істейміз,-деді ол. 

  
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы