Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын су басу қаупі бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданындағы Жеңіс ауылының 2000-ға жуық тұрғынын қауіпсіз жерге жаппай көшіріп жатыр. Ауданда төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында орналасқан Сардоба су қоймасының дамбасының бұзылуына байланысты 2020 жылдың 1 мамырында сағат 16:00 шамасында Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекендерде орналасқан коллекторларға су толған.
Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс елді мекені, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі туындап, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуциялау үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан "Мырзакент" мектеп гимназиясында 600 орын, С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебінде 700 орын, Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде 400 орын, Абылайхан атындағы жалпы орта мектепте 500 орын дайындалды (барлығы 2200 орын). Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асанов төрағалығымен 2 мамыр күні түнгі 00:00-де штаб мүшелерімен арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялауға тапсырма берілді. Қазіргі таңда Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінің тұрғындарын (1922 тұрғын) қауіпсіз жерге жаппай көшіру жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасы ТЖМ шұғыл мәліметіне сәйкес, 20:15 шамасында Сардоба су қоймасы Қазақстан Республикасы аумағына су ағызуды тоқтатқандығын хабарлағанбыз.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданы әкімдігі шұғыл штаб құрып, тиісті жұмыстарды атқаруда. Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің құрамы мен Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қарағанды: індет жұқтырған азамат – жезқазғандық тұрғын
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы