Мәжілісте дәрігерлерге жәрдемақы мен өтемақы төлеу мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемияға қарсы күреске қатысқан медицина қызметкерлеріне әлеуметтік өтемақы төлеу Денсаулық сақтау министрлігі алдындағы маңызды мәселенің бірі болып қала береді. Бұл тақырыпты бүгін Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының депутаттары талқылады.
Елімізде 12 830 медицина қызметкері коронавирус инфекциясы мен пневмония жұқтырған, өңірлердегі комиссия 8 333 өтінішті қарап, оның 5 626-сын растады, ал 3 603 медицина қызметкері үстемақы алды.
Еліміздің барлық өңірінде өтемақы төлеу ісі баяу жүруде. Өйткені медицина қызметкерлеріне төлемдерді рәсімдеу кезінде көптеген заңбұзушылыққа жол беріледі. Мысалы, аймақтар Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасына 958 өтінімді мүлдем енгізбеген, ал өңірлер берген мәліметтердің сапасыз болуына байланысты 567 өтінім Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне қабылданбады.
Кері қайтарылған өтінім, әсіресе, Атырау облысында көп – 188, ШҚО – 151, Алматы қаласында – 97, Алматы облысында – 52, Қызылорда облысында – 37, Нұр-Сұлтан қаласында - 22 тіркеледі.
Көбіне диагноз стационарлық науқастардың электрондық тіркелімінде табылмаған және құжаттар толық емес. МӘСҚ тарапынан 265 өтініш қабылданбаған.
Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына өтемақы төлеу мәселесіне келсек. Өңірлік комиссиялар 80 өтінімді қарап, 55-ін мақұлдады, деректер толық болмағандықтан олардың 12-сін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігі қабылдамады.
Мемлекет басшысының әріптестерімізге өтемақы төлеу жөніндегі тапсырмасын сапалы жүзеге асыруға кедергі келтіретін бірқатар өзекті проблема бар екенін біз мойындаймыз, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар, елімізде маусым-шілде айларында ауру шарықтау шыңына жетті, дәл осы кезеңде медицина қызметкерлерінің 75% сырқаттанып қалды. Бірақ адам ресурстарының лимиті бізге инфекцияны уақтылы тексеруге мүмкіндік бермеді. Қажетті құжаттар кеш енгізілген.
Клиникалық хаттамалардың жиі толықтырылуына байланысты - 13 рет қайта қаралды, коронавирус инфекциясының вирустық ықтимал жағдайын (ПТР -) кодтаудың бірыңғай тәсілі болмады. Сондай-ақ, СЭС мамандарының жетіспеушілігінен эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде жұқтыру көзін анықтауда қиындықтар болды және банктік шоттар, ЖСН, төлқұжат деректері қате толтырылған, ақпараттық жүйелерге өтінім толық ұсынылмаған.
Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін онлайн жұмыс тобын құрды, МӘСҚ-мен бірлесіп типтік қателерді талдау бойынша кеңес өткізді, сондай-ақ біз ауруларды кодтау әдісін тағы да түсіндірдік. Осының барлығы МӘСҚ деңгейінде қабылданбаған өтінімдер санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді.