Мәйітханалар ешбір талапқа сай келмейді – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары еліміздің сот-медициналық қызметінің жағдайы мүшкіл дейді. Осыған байланысты олар Әділет министрі Марат Бекетаевқа сауал жолдады.
«Біздің депутаттық сауалымызға еліміздің сот-медициналық қызметінің мүшкіл жағдайы негіз болып отыр. Сот сараптамасы дегеніміз - қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық материалдарын зерттеу. Жыл сайын құқық қорғау органдары мен соттар тарапынан сот сараптамасына сұраныс артып келеді. Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселені бірнеше мәрте көтеріп, бұл қызметтің проблемалары туралы сауалдар жолдаған. 2018 жылғы қаңтардағы Үкімет сағатының қорытындысы бойынша әкімдіктерге сот-сараптамалық зертханаларды және оған жарайтын ғимараттарды Әділет министрлігінің балансына беру туралы ұсыныс жасалған. Ұсыныстар толық орындалмады. Көптеген өңір бұл маңызды мәселені шеше алмаймыз деп жауап берді. Сондықтан сот-медициналық мәйітхана ғимараттарының қазіргі санитарлық және материалдық-техникалық жағдайы талаптарға сай келмейді. Мәйіттік материалдар жөндеуге келмейтін ескі ғимараттарда сақталады. Осыдан бөлмелердің іші көгеріп, түрлі патогендік микрофлорамен ластанады. Бұл қызметкерлерді ғана емес, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін де түрлі ауруға шалдықтырады. Бұған қоса ондай жағдай сот сараптамаларының сапасына да әсер етеді», - деді мәжілісмен Зәуреш Аманжолова.Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Орталық 20 өңірлік бөлімшеден тұрады. Олардың көбінің жағдайы мүшкіл. Мәселен Алматыдағы сот-медициналық мәйітхана ғимараты 1915 жылы салынса, Нұр-Сұлтандағы және бірқатар облыстағы ғимарат 1953-54 жылдары салынған.
«Республиканың барлық өңірінде сот-медициналық сараптама бөлімшесі бар деп айта алмаймыз. Сондықтан Маңғыстау облысына қайтыс болғандардың мәйіттерін Бейнеу ауданынан (450 км), Маңғыстау ауданынан (150 км) әкелуге мәжбүр. Ал Павлодар облысында екі бөлімше ғана бар, бірі - Екібастұзда, екіншісі - Ақсу қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда сот медицина бөлімшелерінің бәрінде кадрлар жетіспейді. Алты мемлекеттік медициналық ЖОО-ның тек екеуі (Нұр-Сұлтан мен Семей) сот-медициналық сарапшыларды дайындайды. Бұл қызметтің жұмысы қажетті деңгейде жүргізілмей жатыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заманауи зертхана құрылғысымен және тоңазытқыштармен жабдықталған жаңа ғимараттар салу мәселесін қарастыру керек; барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, қолданыстағы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу қажет; сот және сот-медициналық сараптама саласындағы мамандарды даярлайтын және қайта даярлайтын білім беру бағдарламаларын қайта қарау керек; ауылды жерлерде жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік жағдайын жасау, яғни жәрдемақы мен баспана бөлу мәселелерін қарастыру қажет», - деп түйіндеді Зәуреш Аманжолова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Семейдегі тарихи ескерткіштерді қорғайтын бағдарлама әзірленеді
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы