Мәскеудегі "Қазақстандық бақ"
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Мәскеуде "Бақтар мен адамдар" атты IV халықаралық фестиваль бастау алды. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Финляндия елдірінің дизайнерлері қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін паш етті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшіліктің Facebook-тегі парақшасында жазылды.
Көрермендер мен келушілердің назарына ерекше туындылар қойылды. Жәндіктерге арналған "қонақүй", тұңғиығы жайқалған жасанды тоған және қазақтың қара қазаны – барлығы бір ортадан табылып жатты.
Қазақстанның көгалдандыру қауымдастығы фестивальге "Қазақстандық бақ" атты жобасын қойды. Павильон киіз үйдің стилінде жасалған. Нелли Лаптева мен Татьяна Антоненко заманауи киіз үй жасап, жобаға ұсынған. Киіз үй жұмыс істейтін орын да, демалатын жер де бола алады.
"Композицияның орта тұсында киіз үй орналасқан. Бақ – бетеге мен қызғалдақтары жайқалған қазақтың даласын елестетеді. Келген қонақтарға қазақтың қонақжайлылығын көрсетіп, алма ұсынамыз", - дейді Татьяна.
"Бақтар мен адамдар" фестивалі осымен алтыншы жыл өткізіліп отыр.