Мәшһүр Жүсіп пен Қаныш Сәтбаевтың жәдігерлері ҰМИО мемлекеттік тізіліміне енгізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертіс өңірінен шыққан қос тарихи тұлғаның жеке заттары Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
2019 жыл академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі үшін маңызды жыл болды. Бұл тізілімге алғаш рет музей қорынан Баянауыл ауданының тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар бірнеше зат ұсынылған болатын. Нәтижесінде сегіз жәдігер енгізілді. Жалпы, музейде аты аңызға айналған Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Қаныш Сәтбаевтың киімі, жұмыс үстелі сияқты өзге де заттары бар. Оларды алдағы уақытта тағы да ұсынатын боламыз, - дейді «Ертіс мәдениеті» медиа орталығының жетекшісі Данияр Жұмаділ.
Мемлекеттік тізілімінен ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің "Кәләм Шәріп" құран кітабы мен әкесінің "Көк Құран" кітабы орын алған. Сондай-ақ өмірде қолданған ағаштан жасалған футляры мен мүстек тіс тазалағышы, шақшасы, сарғайған ақ түсті матадан қолдан жасалған, үш бұрышты пішінді тұмары бар.
Геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың қол таяғын музейге 2010 жылы Баянауыл ауылының құрметті ұстазы әкеліп тапсырса, бала кезінде қолданған ерін 2012 жылы туыстары табыстаған.
Бұдан басқа, академиктің 50 жас мерейтойына орай 1949 жылы Шымкент қаласының медициналық институтының студенттері сыйлаған минералды тастар жинағын атап өтуге болады.
Айта кетерлігі, ҰМИО мемлекеттік тізіліміне енгізілген заттар республика көлемінде ерекше қорғалатын болады.