Мұрат Төлеубаев: Шенеуніктер жайлы қалыптасқан жағымсыз пікірлерден құтылатын уақыт келді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облыстық филиалында қайта даярлау курстарынан өткелі жатқан мемлекеттік қызметке алғаш түскен жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Бұл кездесуге Арнайы мониторингтік топ мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының мүшелері де белсенді қатысты.
Бұл «галстуксыз» кездесудің бейресми және еркін атмосферасы қатысушылар арасында ашық әрі қызықты әңгіменің туындауына ықпал етті.
«Бүгінгі таңда шенеуніктер жайлы көптеген жағымсыз таптаурындардың бар екендігі ешкім үшін құпия емес. «Шенеунік» сөзін естіген кезде жаппай санада «қағазбасты» немесе «арамтамақ» сияқты түсініктер туындайды. Біз осындай пікірлерді жоюға талпынуымыз қажет. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметші құзыретті, адал, әділ және парасатты болуы тиіс» - деп атап өтті Мұрат Төлеубаев.
Пікірталас барысында қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбеті мен жүріс-тұрысына қатысты әлдеқайда өткір, зәру мәселелерді талқылап, еркін түрде өз пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсынымдар енгізді.
«Ақмола – адалдық алаңы» жобасының басшысы Самира Тайтенова кездесу барысында жобаны іске асырудың барысымен таныстырды. Сонымен қатар, қоғам өкілі, арнайы мониторингтік топтың басшысы Владислав Шуль жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудағы қоғамның рөлі туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы белсенділігі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың кепілі.
Өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісе отыра, Мұрат Төлеубаев жастарды бәсекеге қабілеттілікке, барлық озық идеяларды мемлекеттік қызмет жүйесінде жүзеге асыруға шақырып, барлық іскери ұсынымдардың тиісті дәрежеде қаралатынына уәде берді.