Мұнай-газ саласында өнімін өткізе алмай жүрген компания жоқ – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг барысында айтты.

Қазіргі таңда мұнай-газ саласында өнімін өткізе алмай жүрген компания жоқ. Барлығы мүмкіндігінше "Атырау-Самара" мұнай құбыры, "Атасу-Алашанькоу", Қазақстан тұрба құбыры және теміржол арқылы басқа да тараптарға өткізіп жатыр. Ішкі нарықта мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу процестері ұйымдастырылды. Біз мұнай өндіруші компаниялардың өнімдерін өткізу үшін Үкімет қабылдаған шешімдерге, яғни, кедендік баж салығын алып тастау жөнінде алыс Кедендік одақтың сыртына мұнай өнімдерін шығару жөніндегі мәселелерді, тағы да өзге де әкімшілік реттеулерді қабылдадық. Пандемияға байланысты экономикалық белсенділік төмендеген кезде мұнай өнімдерін тұтыну көлемі де азайды. Дегенмен, Үкімет қабылдаған шешімдерге сәйкес, мұнай өңдеу зауыттары жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Қазіргі таңда да жұмыс істеп жатыр. Павлодар мұнай өңдеу зауыты 8 маусымға дейін жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, өзінің тұрақты қызметін атқара беретін болады, - деді ол. 

Нұрлан Ноғаев эфир барысында "ӨзенМұнайГаз", "ЕмбіМұнайГаз" жұмысшыларына қатысты оңтайландыру жұмыстарының жүргізілу мәселесіне де тоқталды.
"ҚазМұнайГаз" мекемесі оңтайландыру жұмыстарын өзінің орталық аппаратынан бастады және бұл үрдіс қарамағындағы еншілес мекемелерде жалғасын табатыны сөзсіз. Бірақ, бұл жұмыстар қызметкерлерге көп әсерін тигізбеуі керек деген ұсыныс бар. "ҚазМұнайГаз" компаниясының ұстанымы да сол. Оңтайландыру процесі жаппай жұмыссыздыққа, жұмысшыларды қысқартуға алып келмейді. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өңірлерде болған кездесуде қойылған басты талап – мұнай саласы қызметкерлерін себепсіз жұмыстан босату жағдайларына жол бермеу, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы