МӘМС: Қосымша 20 млрд теңге бөлінеді
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аударымдар мен жарналар төлемеген тұлғалардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу құқығын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап МӘМС-ке толық көшу үшін қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Алайда, қазіргі жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сақтандырылмаған азаматтардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу құқығы 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды, - деді, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев.
Осы мерзімге дейін елдің барлық азаматтары, МӘМС қатысушы статусына қарамастан, шартты сақтандырылған болып саналады және медициналық көмекті толықтай алады. Бұл үшін Қор ішкі резервтерден қосымша 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Қазір елімізде шамамен 16,4 миллион адам сақтандырылған. Оның ішінде, 11 миллионға жуығы – әлеуметтік осал топтың өкілдері. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйенің қаржылық операторы. Айта кетерлігі, медициналық ұйымдар медициналық қызметтерді көрсеткеніне байланысты Қордан тиісті ақысын алады. Биылға 1250-ден астам медициналық қызмет көрсетушілермен шарттар жасалды, олардың 650-ден астамы мемлекеттік, 600-ден астамы жекеменшік. Жасалған келісім-шарттардың сомасы 1,3 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде, тегін медициналық көмекке 877 млрд теңге, ал Міндетті әлеуметтік медициналық көмекке – 432,5 млрд теңге қаралды.
Қазақстанда МӘМС жүйесі 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Өткен кезеңнің қорытындылары бойынша бұрын ақылы болып есептелетін КТ/MРТ, ультрадыбыстық қызметтердің тұтынуы өсуі байқалады. Сондай-ақ, оңалту және қалпына келтіру емдеріне де сұраныс бар.
Қор пациенттердің құқығын қорғауға бағытталғандықтан, медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерінің сапасын тексергеннен кейін ғана, олар бойынша ақысын төлейді.
Айта кетерлігі, берілген мерзімде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқандары жөн.