МӘМС: Кім тісін тегін емдете алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. тілшісі. МӘМС, яғни медициналық сақтандыру аясында кімдер стоматологқа келіп, тегін қарала алады және жекеменшік клиникаларда қандай медициналық көмекті ақысыз алуға болады? Бұл сұраққа елордада орналасқан "Медикер Астана" жекеменшік медициналық орталығының директоры және дәрігер-стоматолог жауап берді.
Ересектер мен балаларды қабылдайтын дәрігер-стоматолог Айжан Саламатованың айтуынша, 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және "Алтын", "Күміс" алқа алған көпбалалы аналар стоматологқа келіп, тісін тегін емдете алады. Ол үшін тек жолдама болу қажет. Ал, жолдаманы сол жекеменшік медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан мемлекеттік емхана береді.
Біз биыл қаңтар айынан бастап медициналық сақтандырылған емделушілерді қабылдап жатырмыз. Біздің клиникаға келуші науқастарды 2 категорияға бөліп қабылдаймыз. Біріншісі – шұғыл түрде, екіншісі – жоспарлы түрде. Шұғыл жағдайда қабылдайтын науқастарымыз – 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, I, II, III топтағы мүгедектер және "Алтын", "Күміс" алқа алған көпбалалы аналарды қабылдаймыз. Ал, жоспарлы түрде қабылдайтын адамдар – 18 жасқа дейінгі балалар және жүкті әйелдер, - деп айтты "Медикер Астана" медициналық орталығының дәрігер-стоматологы Айжан Саламатова.
Қаңтар айынан бастап медициналық мекемеге келіп, МӘМС аясында тісін тегін емдеткен науқастардың саны шамамен 100-ге жеткен.
Уақыт өткен сайын, міндетті медициналық сақтандыру аясында жолдамамен келетін пациенттердің саны көбейіп жатыр. Бұл адамдардың барлығы жолдамамен тегін өтеді. Барлығын жолдамамен қабылдаймыз. Шұғыл көмекке жүгініп келгендерге ең алдымен алғашқы медициналық жәрдем көрсетеміз. Кейін оларды тіркейміз, - дейді стоматолог.
Бұдан басқа, жекеменшік клиникаларда қандай медициналық көмекті ақысыз алуға болатынын осы медициналық орталықтың директоры Ботагөз Қалдыбекова айтып берді.
2020 жылдың қаңтарынан бастап МӘМС аясында біз шамамен 22 мың адамға медициналық көмек көрсеттік. Бізде 21 мың 789 адам тіркелген. Соның 3 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Міндетті медициналық сақтандыру іске қосылғанға дейін де біз 2014 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық көмек көрсетіп келдік. МӘМС бөлігі ретінде біз стоматологиялық, амбулаториялық, стационарлық көмек көрсетеміз. Біз емтихан, тесттер және басқа қосымша қызмет түрлері сияқты клиникалық диагностикалық қызметтерді ұсынамыз. МӘМС енгізілгеннен кейін оңалту орталықтарында немесе стационарлық көмек деңгейінде көрсетілетін халыққа оңалту емі қол жетімді болды. Бүгін біз мамандарды іріктеп алдық, амбулаториялық деңгейде оңалту көмегін көрсету үшін қосымша медициналық жабдық сатып алдық, - деген пікірін білдірді "Медикер Астана" жекеменшік клиникасының Бас дәрігері Ботагөз Қалдыбекова.
Орталықтың отандық медицина нарығында жұмыс істеп тұрғанына 20 жыл толған. Клиника 2014 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыстарды орындап келеді.
Айта кетейік, бүгінде "Медикер Астана" жекеменшік емханасы елорданың 12 мемлекеттік медициналық мекемесімен консультативті-диагностикалық қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлік келісімшарт жасасқан. Яғни, мемлекеттік емханалармен ынтымақтаса отырып, МӘМС аясында халықты тегін қабылдауды бастап кеткен.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Абай-175: Алматыда ақынның ескерткіші ашылды
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы