МӘМС: Шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан қойылатын 7 сауал
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кімдер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалатын міндетті төлемдер кейінге қалдырылды? Медицина ұйымдары кәсіпорын қызметкерлеріне МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсетуден не үшін бас тартады? Бизнес өкілдері тарапынан қойылған осы және өзге де өзекті сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина жауап берді.
Айнагүл Хабдонғалиқызы, МӘМС үшін төлемдерді 1 қазанға дейін кім төлемейді және кімдер үшін жеңілдік кезеңі 1 шілдеде аяқталды?
1 сәуірден 1 шілдеге дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан босатылған ірі кәсіпкерлік субъектілері, мынадай қызмет түрлері бойынша:
- автомобильдерді, жеңіл автокөлік құралдарын, мысалы, мотоциклдерді, автомобиль бөлшектерін, тораптарды және керек-жарақтарды бөлшек саудада сату;
- ірі сауда желілеріндегі, стационарлық сауда объектілеріндегі, сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда (дәріханаларды, тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі бұйымдарын сатуды қоспағанда);
- автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету (жол бойындағы жолақта орналасқан техникалық қызмет көрсету станцияларында жүргізген жұмыстарды қоспағанда);
- әуе жолаушылар көлігі;
- орналасуға-тұруға арналған қызмет көрсететін қонақүйлер және соларға ұқсас орындар;
- мейрамханалар қызметі және тамақ өнімдерін жеткізіп беру қызметі;
- жеке немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалдау және басқару, сонымен қатар коммерциялық үй-жайларды жалға беру қызметтері,
1 сәуірден 1 қазанға дейін, 29 қызмет түрі бойынша шағын және орта бизнес субъектілері МӘМС жарнасын төлеуден босатылады және олардың жұмыскерлерінің «медициналық сақтандырылған» мәртебесі сақталады. Олар:
- заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар;
- коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңесшілер;
- туристтік агенттіктер мен туроператорлар;
- санитарлық-эпидемиологиялық, ауруханалық және санаторлық-курорттық ұйымдар;
- жеке меншік мектепке дейінгі, бастауыш және орта оқу орындары;
- жеке дәрігерлік практика, стоматология;
- концерт және театр залдары;
- фитнес-клубтар;
- тоқыма және тері бұйымдарын жуу және химиялық тазалау орындары;
- шаштараздар және сән салондары.
Жеңілдік кезеңі (1 қаңтардан 1 шілдеге дейінгі) аяқталғаннан кейін жарна аударымдаы бойынша қарыздар сақтала ма?
Иә. ҚР Заңына сәйкес, азаматтар 1 сәуірге дейін шартты түрде сақтандырылған болып саналды. Бірақ елде төтенше жағдай жариялануына байланысты, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығы сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан барлық азаматтар үшін қолжетімді болатын жеңілдік кезеңі 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған болатын. Жеңілдікті кезеңінде жарна төлеу кейінге қалдырылады, бірақ оларды төлеу міндеттемелері жойылмайды. Яғни, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 5-бабы 3-тармағына сәйкес, қорға аударымдар және (немесе) жарналар төлемеген тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын алу үшін Қорға төленбеген кезең үшін, бірақ төлеу күнінің алдындағы он екі айдан аспайтын мерзімде жарналарды төлеуге міндетті. Сондықтан жұмыс берушілер, қызметкерлері МӘМС пакетін пайдалану мүмкіндігіне ие болуы үшін, өткен 6 ай үшін жарна аударулары қажет. Дегенмен, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 қаулысының негізінде ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін осы жылдың 1 сәуірінен бастап 1 шілдесіне дейін, ал шағын немесе орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілері үшін 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін МӘМС жүйесіне аударымдар (жарналар) төлеуден босататын жеңілдік кезеңі белгіленді.
Жұмыскерлер үшін аударымдар мөлшері қандай?
Жұмыс беруші өз жұмыскері үшін олардың табысының 2% мөлшерінде жарна аударады, және де жұмыскеркердің есептелген жалақысынан 1% ұстап қалады.
Жұмыс берушіге өз қызметкерлері үшін уақытылы аударым жасамағаны немесе толық төлемегені үшін өсімпұлдар немесе айыппұлдар (есептеле ме) қосыла ма?
Иә. Өз қызметкерлері үшін жарна аударатын жұмыс берушілер үшін МӘМС бойынша берешек үшін төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін берешек сомасының 1,25% мөлшерінде өсімпұл көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерге ақы төлемесе немесе оны уақытылы жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінен медициналық көмек ала алмаса, оның мәртебесі автоматты түрде «сақтандырылмаған» боп өзгереді.
Жұмыс беруші жарналарды жеке кәсіпкер ретінде өз бетінше аударатын қызметкер үшін немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкер үшін жарна аударуы тиіс пе?
Иә. Жұмыс беруші, қызметкерінің қосалқы әлеуметтік мәртебесі болуына қарамастан, өз міндеттемелеріне сәйкес, ол үшін жарна аударады. Ал қызметкер өзі үшін, жеке кәсіпкер ретінде 1,4 ЕТЖ-нің 5%-ы немесе 2 975 теңге мөлшерінде, не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкер ретінде шарт бойынша алатын табысының 1%-ы мөлшерінде жарна аударып отырады. Бұл ретте барлық көздерден алынатын салық салынатын жиынтық табыс 10 ЕТЖ-ден немесе 425000 теңгеден аспауы тиіс.
1 қазанға дейін қызметкерлері үшін жарна аударудан босатылған кәсіпорындардың қызметкерлері МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала ала ма?
Ия, барлық медициналық көмекті ала алады. 1 қазанға дейін, пандемияға байланысты шектеу шараларын енгізуден зиян шеккен экономика секторларында қызмет көрсететін шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметкерлеріне, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілген тізімдерге сәйкес, «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.
Егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз да, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмекке құқығыңыз бар екенін есте ұстаған жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлығына көрсетіледі.