Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Семейдегі ОВ-156/14 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты, деп хабарлады Zakon.kz.

Бұған дейін 2020 жылдың 3 наурызында ШҚО қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Шешім бүгін, 19 наурыз күні заңды күшіне енді.

"ҚазАтомӨнеркәсіп" Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына 2009 жылы ірі уран кен орындарындағы мемлекеттік үлесті сатты деген айып тағылды. 2010 жылы сот Жәкішевті пара алғаны үшін кінәлі деп тапты. Оны қатаң режимдегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

2018 жылдың қараша айында Мұхтар Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотқа өтініш білдірді. Алайда, Семей соты Жәкішевтің өтінішінен 99,6 млрд теңге көлемінде шығынды өтемегендіктен қанағаттандырмады. 2019 жылдың 24 шілдесінде шартты мерзімінен бұрын босату туралы өтініш екінші рет қанағаттандырылмады. Ал үшінші рет өтініш 6 ақпанда берілген болатын.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы