Мұхаметшин: Назарбаев қызметінің мәні жыл өткен сайын арта түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшинмен кездесті, деп мәлімдейді сенаттың баспасөз қызметі.

Дариға Назарбаева Ресей Федерациясының жетекші әрі экономикалық дамыған субъектілерінің бірі болып табылатын Татарстанмен қарқынды және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға Қазақстанның мүдделі екендігін атап өтті.

Кездесу барысында қазақ және татар халықтарының арасындағы байланыстарының нығаюы олардың жақындығы, тарихи-мәдени ортақ мол мұрасы мен рухани құндылықтарымен көрініс тауып отырғаны аталып өтілді. Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Татарстан Президенті М.Ш.Шаймиевтің сіңірген еңбегі зор.

Біздің елімізге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге қатысуға келген Татарстан Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Елбасына деген шынайы құрметін жеткізді және оның дана әрі көшбасшылық қасиеттері мен егемен Қазақстанның табысты дамуына қосқан үлесін атап өтті.

 Н.Ә.Назарбаев қызметінің мәні жыл сайын арта түседі, оның еңбегі – ішкі және сыртқы саясатты сауатты жүргізудің жарқын мысалы, - деді Ф.Мұхаметшин.

Сенат төрағасы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту туралы айта келіп, Қазақстан Парламенті Татарстан Мемлекеттік кеңесімен тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Тараптар 9 желтоқсанда Қазан қаласында өтетін Қазақстан парламенті сенаты мен Ресейдің Федерация кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның кезекті отырысына дайындықты талқылады.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де сараланды. Тараптар қазіргі көрсеткіштер өзара сауданың осы кездегі әлеуетіне сәйкес келмейтіні туралы айтты. Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы шамамен үштен бірге төмендеді.

Өзара саудада 1 миллиард доллар көлеміндегі алға қойған ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет, - деді сенат төрағасы.

Жүздесушілер мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуді, жастар мен әйелдер ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды да талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы