Мұхамедиұлы: Түркістанда 18 тарихи аймақ қайта қалпына келтіріледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.

«Өткен жылы Түркістандағы Әзірет Сұлтан музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітілді. Жоба ежелгі Рим империясының, Осман империясының тарихи қалалары секілді әлем ескерткіштернің тәжірибелеріне сүйене отырып жасалды. Бұл ескерткіштерге миллиондаған туристер барып, жыл сайын ел экономикасына қомақты қаржы әкелетіні белгілі. Түркістанда да жобаға сәйкес он сегіз аймақ қайта қалпына келтірілетін болады. Қазіргі таңда жұмыстар басталды», – деді министр

Министрдің айтуынша жоба аясында Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтіріледі. Ол кезінде Жібек Жолының үлкен орталығы болған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің (Қазандық, Гурхана, бас портал, Үлкен Ақ-Сарайдың ресми қабылдаулар залы) 11-12 ғасырдағы Хильветтің, Чилля хананың, 15 ғасырдағы ортағасырлық шығыс моншасының, Рабия Сұлтан Бегім, Есім хан кесенелерінің реконструкциясы жоспарланған. Қазіргі таңда Ясауи кесенесінің артқы жағында жол да жоқ. Келешекте көшпенді өмір салтын ұстану үшін этноауылдар салынады. Онда шеберлер орталығы, ұттық тағамдар көрмесі өтеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер үшін жолдар төселіп, субұрқақтар мен саябақтар салынатын болады. Біздің мақсатымыз 2023 жылға дейін Түркістанға келушілер санын бес миллинға жеткізу», – деді ол.

Олжас СӘНДІБЕК
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы