Мұхамедиұлы допинг жайлы: Полторанин жақында мәлімдеме жасайды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шаңғышы Алексей Полторанинмен байланысты допинг дауына қатысты түсініктеме берді.
Министр Үкімет отырысының кулуарында берген сұхбатында Полторанин алдағы күндері допинг дауына қатысты мәлімдеме жасайтынын айтты.
"Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев спортшының өзімен тікелей байланысқа шығып отыр. Олар телефон арқылы сөйлесті. Біз сәрсенбі күні болған жағдай туралы толық ақпарат береміз. Сол күні Полторанин бәрін өзі баяндап береді", - деп Мұхамедиұлы журналистердің сұрағына жауап қатты.
Бүған қоса, ведомство басшысы алдағы уақытта елімізде допингпен ұсталған спортшыларға қатысты шаралар күшейетінін айтты. Осыған байланысты Спорт туралы заңға өзгерістер енгізілетінін, қазір тиісті заң жобасы парламентте қаралып жатқанын атап өтті.
27 ақпан күні Австрия полициясы антидопингтік ережені бұзды деген айыппен шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанинді ұстады. Қазір тергеу жүргізіліп жатқандықтан спортшы жарыстардан шеттетілді.