Депутаттар мүгедек баланың ата-анасының зейнетке шығу жасын төмендетуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына жолдаған сауалдарында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін зейнетақы жасын төмендетуді ұсынды.

«Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана үшін зейнетке шығу жасын төмендетуді, сондай-ақ күн сайынғы орасан зор психоэмоционалдық және физикалық жүктемелерді ескере отырып, ата-аналардың біреуіне қысқартылған жұмыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Себебі мүгедек адам тұрақты және тәулік бойы қамқорлық жасауды қажет етеді», - деді депутат Магеррам Магеррамов. 

Депутат қамқорлыққа алуды рәсімдеу тәртібін қайта қарау қажет екенін айтты. 

«Бұл рәсім тоғыз айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде отбасылар қаржылық қолдаусыз қалады. Әсіресе бұл толық емес отбасыларға қиынға соғады», - деді ол.

Магеррамов мүгедек балалар мен олардың қамқоршыларына қатысты келесідей ұсыныстар енгізді:
- арнайы ортопедиялық аяқ киімнің сапасын ескере отырып оны беру тәртібін қайта қарау;
- балабақшаларда ақыл-есі дұрыс мүгедек балаларға арналған топтар ашу;
- үйде оқитын балалардың оқу сағаттарының толық көлемін қайтару;
- асыраушысынан айырылу және мүгедектігі бойынша жәрдемақы алу мүмкіндіктерін қарау;
- ауруханалардағы неврология, пульмонология және реанимация бөлімшелерін өкпені жасанды желдету аппараттарымен жарақтандыру;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше мәртебе беру.

Ол мүгедек балалардың тісін емдеуде кездесетін проблемаларды да тізіп берді. Оның айтуынша, мемлекеттік емханаларда барлық жерде бірдей толық ем жүргізбейді. Осыған орай ата-аналардан қызмет сапасына қатысты шағым түседі. Ал мемлекеттік тіс емханаларында психоневрологиялық патологиясы бар балаларға жалпы анестезия қолданылмайды. Жеке емханаларда мұндай балаларға стоматологиялық қызмет көрсету өте қымбат.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы