Мүгедек балаларды ұрған тәрбиешілерге сот үкім шығарды – Атырау
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда мүгедек балаларды ұрған санитар әйелдер сотталды, деп хабарлайды Azh.kz басылымы.
2019 жылғы наурызда психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиешілері мүгедек балаларды ұратыны белгілі болды. Алайда Атырау облысының полиция департаменті жыл бойы тергеу жүргізіп болған соң қылмыстық істі тоқтатты. Кейін қайта қолға алынды. Тамызда Атырау қаласының №2 соты екі тәрбиешіге қатысты үкім шығарды.
Еске салайық, 2019 жылғы наурызда прокуратура мектеп-интернаттағы бейнебақылау камераларын тексерген кезде балаларды ұрып-соғу дерегі анықталды. Прокурорлар тәрбиешілер балаларды ұрып қана қоймай, сонымен бірге жұмыс істеуге мәжбүрлегенін айтты. Олар балаларды ұзақ жылдар бойы ұрып келген.
Алдымен ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігіне сәйкес («Кәмелет жасына толмаған баланың тәрбиесіне байланысты міндеттерді орындамау, қатаңдық көрсету») интернаттың 9 қызметкеріне қатысты тергеу басталған. Жыл өткен соң Атырау облысы ПД «қылмыстық жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне» байланысты қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлады. Бұдан қоғамдық наразылық туындап, шу шықты. Сонда Дариға Назарбаева істі өзі бақылап, кінәлілер заңға сәйкес жазалануы керегін айтты.
Соңында сот алдында палатадағы санитар әйелдер жауап берді. 21 тамызда шыққан сот үкіміне сәйкес, балаларды ұрған санитарлар үш жыл, алты ай бас бостандығынан айырылды және 2 жылға балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.