Жыл қайыру: Мәдениетіміз қай деңгейде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Желтоқсан айы аяқталып, тағы бір жыл тарихқа айналуға жақын тұр. Бұл жылда еліміздің мәдениет саласында қандай жетістіктер, өзгерістер мен жаңалықтар болды. Жыл қайыру ретінді ең маңызды деп білген бірнешеуіне тоқталып өттік.
Министр ауысты
Мәдениет саласындағы ең басты өзгеріс, ҚР мәнениет және спорт министрінің ауысуы болды.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2019 жылдың 17 маусымында Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды.
Ақтоты Райымқұлова – шығармалары ресми іс-шараларда орындалып жүрген белгілі музыкант. Ол "Ел бақыты", "Apple of Peace", "Көкжал қантатысы", "Толғау", "Дала сыры", "Жәмиля" симфониялық поэмаларының, "Аспан көші" екі актілі балеті, "Алатау" пьесасы, "Соңғы сезім", "Тұзды шөл", "Абай", "Еңлік-Кебек", "Абылайхан", "Адам баласы Қайын", "Естайдың Қорланы", "Гамлет", "Қорқыттың көрі", "Сыған серенадасы" сынды спектакль, фильмдер мен сериалдардағы саундтректердің авторы.
2014 жылдан бері бұл қызметті атқарып келген Арыстанбек Мұхамедиұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі қызметінен босатылды.
Димаш
Ән әлемінде қанатын кеңге жайып, әлемді аузына қаратып жүрген қазақтың аса талантты ұлдарының бірі – Димаш.
Қытайда өткен I'm A Singer байқауында топ жарып, жарқырай көрінген Димашты бүгінде жер шарын мекендеген бүкіл халық біледі десе артық емес.
Өткен жылы "Бастау" деген атпен кеш өткізген әнші, биыл "Arnau tour" деген атпен әлемнің ең үлкен қалаларын аралап, концерт ұйымдастырды.
22 наурызда Димаш Құдайберген өзінің алғашқы жеке концертін Мәскеудегі Кремль сарайында өткізді. Бір күнге ғана жоспарланған кештің билеттері жылдам сатылып кеткендіктен, Димаш жанкүйерлері үшін 23 наурызда екінші концертін жалғастырды. Қазақстандық әншінің бұл шығармашылық кешіне әлемнің 56 елінен жанкүйер жиналған.
Жас әншінің "ARNAU" шоу-концерті 29 маусымда елордадағы "Астана Арена" стадионында да өтті. Бұл кешке әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман келді. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль, Марокко және Польша сынды алыс мемлекеттердің тыңдармандары бар.
Дәл осы атаумен Димаш 19 қараша күні Лондонда, 29 қарашада Санкт-Петербургте, 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі әйгілі Barclays Center аренасында Arnau tour ENVOY атты концерттерін өткізді.
Сонымен қатар Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы президентінің Жарлығымен Димаш "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атанды.
Junior Eurovision 2019
Қазақ өнерін әлемдік сахнаға шығарып жүрген тағы бір жас әнші – Ержан Максим. Қазақстандық 12 жастағы өнерпаз Ержан Максим Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision 2019 байқауында екінші орын алды.
Ереже бойынша, жеңімпазды телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі мен құрамына үшеуі ересек және екеуі балалардан құралған 5 адам, байқауға қатысушы елдердің төрешілері анықтады. Төрешілердің шешімі бойынша Ержан алғашқы орында болды. Алайда телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі қосылғанда отандасымыз 227 ұпай жинап, екінші орын алды. Бірінші орынды 278 ұпаймен поляк орындаушысы Виктория Габор алды.
Азия қаламгерлерінің І форумы
Елордада 4-6 қыркүйек күндері ҚР Президенті әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған Азия қаламгерлерінің І форумы өтті.
Форумға шетелдерден Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағаларынан құралған 90-ға жуық қонақ келді.
Мәртебелі шараның ашылу салтанатына ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, мемлекет басшысы форумға қатысушыларына "Азия алыбы" атты әдеби сыйлық тағайындау мен Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құруды ұсынды.
Мұндай форум 1973 жылы сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлімжановтың ұйымдастыруымен Азия-Африка қаламгерлерінің жиыны өткен екен.
Антология 6 тілге аударылды
"Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының алғашқы даналары басылып шықты.
Поэзия және проза жинақтарының Алматыда өткен таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Египет аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлар қатысты
Қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату бұған дейін болмаған. Отандық 160 автордың жұмысы бір мезетте әлемнің 6 тіліне аударылды, - дейді Аида Балабаева.
Жазушылар одағына – 85 жыл
Биыл қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы Жазушылар одағына 85 жыл толды. 1934 жылы құрылған одақтың алғашқы басқарма төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланаған. Кейін Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов сынды қазақтың кемеңгер тұлғалары басқарды.
Желтоқсанның басында Қазақстан Жазушылар одағы мен "Қазақ әдебиеті" газетінің 85 жылдығы Алматы қаласында кең көлемде тойланды. Мерейтойға 8 мемлекеттен келген жазушылар одағының басшылары мен мүшелері келді. Сонымен қоса, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев арнайы қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағы бүгінде 800-ден астам қаламгердің басын біріктірген беделді ұйым.
Қазір бұл құтты мекенді аға буынның ізін жалғаған көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет басқарып отыр.
"Үш бәйтерекке" ескерткіш қойылды
Халқы "Үш бәйтерек" деп ардақ тұтқан қазақ әдебиетінің тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 125 жыл толды. Айтулы датаға орай Нұр-Сұлтан қаласындағы қаламгерлер аллеясында "Үш бәйтерекке" ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, дәл осы күні елордада Жазушылар үйі ашылды.