Мәдениет саласының өкілдері көп балалы отбасыларға баспана сыйға тартты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының мәдениет саласының қызметкерлері, журналистер, ақын-жазушылар, асабалар қайырымдылық шарасын атқарып, облыстағы көпбалалы аналарға тұрғын үйлердің кілтін табыс етті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қайырымдылық шара Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында өткен мәдениет маусымының ашылу салтанаты аясында атқарылды. Кербұлақ, Қаратал, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында тұратын 4 көп балалы отбасы сахнаға шақырылып, оларға өздері тұратын өңірден баспана кілттері сыйға тартылды.
Кербұлақ ауданының тұрғыны 5 баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаеваға Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев, Қаратал ауданынан келген 4 баланың анасы Айнұр Исаеваға «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен жас жазушы Есболат Айдабосын, Ақсу ауданынан келген көпбалалы ана Толқын Жатқанбаеваға асабалар Ердәулет Кенжеқұлов және Қайрат Қазкенұлы, Текелі қаласынан келген 6 баланың анасы Мақай Қалиманға «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев пен «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Жанахмет Исабеков пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Сондай-ақ қоныстой иелеріне облыс әкімінің сыйлықтары да тарту етілді.