Мәдениет министрі Асқар Жұбановтың отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Жұбановтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтты. 

Жұбановтар əулетіне! Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Жұбановтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Асқар ағамыз саналы ғұмырын ел келешегі жолындағы қызметке арнап, тіл ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жаны жайсаң, болмысы бөлек азамат еді.

Ұзақ жыл көптеген шəкірт шоғырын тəрбиелеп, артында өшпес мол мұра қалыптастырды. Осынау сəтте ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының: "...өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?" - деген пайымды сөзі көңіл түкпіріне ұялайтыны анық.

Өзінен кейін дүйім жұртқа өлмес хат қалдырған ағзам ғалымның асыл бейнесі ел есінде мəңгі сақталады. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын! - деді Ақтоты Райымқұлова. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы