Ляньюньган – Қазақстанның әлемге шығатын теңіз қақпасы
Осыдан 11 жыл бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға сапармен келген кезде «Бір белдеу – бір жол» жобасы туралы алғаш рет айтқан еді. Міне Қытай басшысының сол 2013 жылы көтерген тарихи бастамасы қазір «Жібек жолының экономикалық белдеуі», «ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы» сияқты ауқымды жобаларға айналып үлгерді. Солардың бірі де бірегейі Ляньюньган теңіз портында қазір Қазақстанның да «еншісі» бар. BAQ.KZ тілшісі еліміздің «теңіз қақпасына» барып қайтып, екі елдің көлік-логистикалық саласымен танысып келді.
Сары теңіздің жағасында...
Елдің шығысында орналасқан Ляньюньган қаласы – Қытайдағы ең ірі 10 порттың бірі. Ал соңғы 10 жылда бұл жерде «Бір белдеу, бір жол» жобасының жарқын үлгісі саналатын Қазақстан-Қытай логистикалық бірлескен орталығы жұмыс істеп келеді.
Осы орайда Цзянсу аймағындағы бұл портты қаланың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысу мақсатында Қытайдың Қазақстандағы елшілігі отандық БАҚ үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырған еді.
Ляньюньган дегенде порт, порт дегенде Ляньюньган еске келеді дегендей, қалаға жетпес бұрын көретініміз тек порт, кеме, жүк пен контейнер болады деп ойлаған едік. Алайда қаланың ортасына тап болғанда теңіз шайып жатқан құмды жағажайды, биік ғимараттар мен орман-тауын көріп таң қалқанымызды жасырмаймыз.
Жалпы бұл жерден тонна-тонна жүк артылып, батысқа қарай бастау алады. Ал Еуропадан шыққан тауарлар осы жаққа келіп, ары қарай үшінші елдерге жөнелтіледі. Батыс пен Шығысты жалғайтын осынау теміржолда Қазақстанның орны бір бөлек, ал қазіргідей геосаяси жағдайда біздің елдің рөлі арта түскен.
Сондай-ақ тауар ағынының бір бөлігі біздің елге де жеткізіледі. Сондықтан да дәл осы Ляньюньганда Қазақстан-Қытай логистикалық орталығы құрылды. Маңызды дерек: соңғы 10 жылда бұл желі арқылы екі ел арасында 6 мыңнан астам контейнер жүріп өткен.
Бұл логистикалық база – Қытайды Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа да елдерімен байланыстыратын стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жоба. Бұл порт торабы Азия мен Еуропа арасындағы көлік және сауда байланыстарын күшейте отырып, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды бөлігі, - дейді орталық басшылығы.
Қытайдың өзінде Ляньюньганды Шығыс пен Батыс түйісетін жер деп атайды. Расымен де күн сайын портқа әлемнің әртүрлі елінен теңіз арқылы түрлі-түрлі жүк кіреді де, теміржол магистралі арқылы бүкіл Қытай арқылы Қазақстанға және одан әрі Еуропа арқылы соңғы нүкте Роттердамға (Нидерланд) дейін жеткізіледі. Дәл осы Ляньюньган порты «Жібек жолының экономикалық белдеуіндегі» жалғыз теңіз порты саналады.
Айта кету керек, қаланың қарқынды гүлдену кезеңі жақында ғана басталды десе болады. Осыған қатысты Қытай басшысы Си Цзиньпиннің 2009 жылы Ляньюньганға сапары кезінде айтқан сөзі жағдайды дәл суреттейді.
Егер Сунь Укунның оқиғасы қазіргі күндері болғанда, онда ол Ляньюньганның жолына ұқсайтын еді. Қала ХХІ ғасырдың келуімен ғана дами бастап, Еуразиялық құрлығындағы теміржол көпіріне айналды. Ол қазіргі заманның «Батысқа саяхаты», - деген еді сол кезде Қытай басшысы.
Бұл жерде Си Цзиньпин Ву Чененнің 16 ғасырда жазып кеткен атақты «Батысқа саяхат» романын бекер еске алып отырған жоқ. Бұл классикалық шығарманың сюжеті Батысқа сапар шеккен алғашқы қытайлық адамның, яғни монах Сюаньцзанның сапарына арналған. Сондай-ақ дәл осы жердегі «Гүлдер мен жемістер тауында» (Хуагошань) романның тағы бір кейіпкері, қытайлық әдебиеттегі орны ерекше, Маймылдар патшасы Сунь Укун дүниеге келген.
Аты аңызға айналған патшаның туған жерін біз тамашалап көрдік. Тау бөктері мен орманның ішінде маймылдар туристердің көңілін аулап жүр. Ал таудың ең биік нүктесінен жергілікті аймақты алақаннан көргендей боласыз.
Ляньюньганды шығысынан Сары теңіз шайып жатыр. Теңіз жағалауының ұзындығы 162 шақырым, ал оның жағасында 14 арал орналасқан. Сондай аралдардың ең ірісі Дунсилянь. Ал қаланың оңтүстік-батысында тағы бір керемет Юньтай тауы бар. Айтпақшы дәл осы географиялық ерекшелікке байланысты қаланың қазіргі атауы пайда болған. Қытай тілінен «ган» сөзі «порт» деп аударылады, демек Ляньюньган «Лянь аралы мен Юнь тауы арасындағы порт» дегенді білдіреді...
Ляньюньган порты. Бастапқыда…
Тынық мұхитының батысы мен Қытайдағы Сары теңіз жағалауында орналасқан Ляньюньган халықаралық теңіз порты 1933 жылы шілдеде салынды. Соғыстан кейін порт құлдырап, 1949 жылы қайта ашылып, 3 ауқымды құрылыс жұмысын бастады.
1959 жылы Ляньюньган портында жүк көтергіштігі 5000 тоннадан аз болатын 7 айлақ қана болды. Ал 1980 жылы порттың ескі бөлігі қалпына келтіріліп, 1984 жылы оның негізгі жобасы аяқталды.
Қазіргі күні…
Ляньюньган дегенде бірінші кезекте Қазақстан еске түседі, бұл қаламен біздің елдің байланысы өте тығыз. Өйткені «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш рет Астана төрінде айтылып, жаһандық жобаның бастамасы көтерілген еді. Ал 2013 жылдың қыркүйегінде Қытай мен Қазақстан басшыларының қатысуымен Ляньюньган порты Қазақстанның ұлттық теміржол компаниясымен келісімге келді. Осылайша Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы құрылды. Міне содан бері теңізге шығатын жолы жоқ әлемдегі ең үлкен ел саналатан Қазақстанның өз «теңіз қақпасы» пайда болды.
Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы 2014 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта базадағы контейнерлік терминалдың ауданы - 220 мың шаршы метр. Ал кірме жолдың ұзындығы – 3,8 км, орталықтың максималды тиеу-түсіру қабілеті жылына 410 мың контейнер. Екі елдің бірлескен күш-жігерімен салынған бұл логистикалық орталық Орталық Азия елдерімен транзиттік тасымалдау, қойма логистикасы және сауда үшін маңызды платформаға айналды. Оның Еуразиядағы трансшекаралық көлік торабының сапасын арттырудағы рөлі үздіксіз күшейтілуде.
Қазіргі кезге дейін осы логистикалық базадан Орталық Еуропа мен Орталық Азияға 6 мың жүк пойызы жолға шығып үлгерді. Маршрут желісі Орталық Азияда, Батыс Азияда, Еуропада және басқа аймақтарда 100-ден астам халықаралық жүк станцияларын қамтиды. Өңделген контейнерлердің жалпы көлемі 2 млн арнайы контейнерден асты. Қытай-Еуропа жүк пойыздарымен тасымалданатын тауарлардың ассортименті 400-ден асады. Олардың тұтыну тауарлары, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары және т.б. бар. Сонымен қатар бидай, мақта, иірілген жіп, ферроқорытпа, калий тыңайтқыштары және т. б. сияқты жүктерді тасымалдау үшін арнайы пойыздар жүреді.
Қазіргі уақытта Қазақстан импорттайтын және Қытай арқылы тасымалданатын халық тұтынатын тауарлар, минералдық өнімдер, астық және т.б. тауарлардың 80%-дан астамы Ляньюньганда сұрыпталып, таратылады.
Бұған дейін Ляньюньганнан Алматыға жүк жеткізу 20 күннен астам уақытты алса, қазір ол 7-8 күнде жетеді. Мысалы контейнерлік терминалда кемеден түсірілген электрондық өнім бірден Қазақстанға баратын пойызға тиеледі. Тауарларды кемеден түсіріп, пойызға тиеу небәрі 15 минутты алады, – дейді Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясының басшылығы.
Қазақстан-Қытай орталығы
Бір сөзбен айтқанда, Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық базасы – бұл екі елдің «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы алғашқы маңызды жобасы. Осынау 10 жыл ішінде, тіпті, арнайы теміржолы жоқ шағын алаңның құрлық-теңіз тасымалының өзегіне айналған ауқымды жобаға таң қалудан басқа амал жоқ.
Мұнда тауарларды Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға және кері тасымалдау үшін жүктер тиеледі. Бұл ретте Қазақстан-Қытай шекарасында Қорғас құрғақ порты жұмыс істейді, ол да, өз кезегінде, Ляньюньган портындағы қазақстандық логистикалық терминалмен байланысы бар. Бұл жүйе Қытайдың шығыс жағалауынан шыққан жүкті Каспий арқылы Еуропаның кез келген жеріне қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы Ляньюньган бүкіл әлем бойынша 160-тан астам елмен теңіз байланысын орнатқан.
Бұл модель одан да тиімді жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым желісі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Сондықтан екі ел арасындағы жүк тасымалы қазір жаңа деңгейге шығып, қазір үш негізгі жобаны қамтып отыр. Ол Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан логистикалық базасы, Қорғас құрғақ порты және Ақтаудағы контейнерлік хаб жобасы. Осы жобалардың барлығы бір тізбекке біріккенде логистикалық бренд арта түспек.
Десе де бұл таңқаларлық емес, өйткені жүкті теміржол арқылы тасымалдаудың артықшылығы көл-көсір. Сіз ауа-райына тәуелді емессіз, вагандар жылдам жүреді және жүктердің сақталуының кепілдік жоғары.
Ляньюньганда біз танысқан тағы бір жоба Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіретін елдер үшін теңізге шығуды қамтамасыз ететін «ШЫҰ халықаралық логистикалық паркі» болды. Ол 70 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.
Биылғы жарты жылда жаңа Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз бойынша 345 мың стандартты контейнер жөнелтілді. Егер Орталық Азия елдерінен Қытайға айына 20-25 вагон келсе, онда кері екі есе көп жүк жөнелтіледі. Қазақстан материктің тереңдігінде орналасқан, сондықтан біз мұхит пен теңізге шыға алмаймыз. Сондықтан біздің жағдайда теміржол бағыты – сауда көлемін ұлғайтудың ең жақсы жолы, - дейді Қытай-Қазақстан логистикалық базасы бас директорының орынбасары Әзілхан Беделов.
Әзілхан мырза парктің жұмысына тоқтала кете, Қытайда отырған жұмысшылар Қазақстандаға жеткен жүктердің жағдайын онлайн режимде бақылай алатынын да көрсетті. Көз алдымыздағы алып экранда 4 мың шақырым жердегі Қорғаста жүктер тиеліп-түсіріп, жаңа контейнерлер келіп-кетіп жатты.
Сондай-ақ Ляньюньган портының аймағында үлкен қоймалардың сан түрі жұмыс істейді. Біздің делегация сондай қойманың бірінде болып, Қазақстанға аттануға дайындалып тұрған жүкті көріп үлгерді. Дәл осы жерде «Қазақстанның бұрышы» көзімізге оттай басылды.
Енді екі елдің көлік-логистикалық дамуының келесі кезеңі Ақтау портындағы контейнерлік хаб болмақ. Оны отандық ҚТЖ мен қытайлық Ляньюньган порты салатын болады. Осылайша екі арасындағы Ақтау-Қорғас-Ляньюньган тізбегі құрылып, құрлықаралық жүк тасымалы арта түспек.
Қорыта келе, Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан логистикалық базасы – екі арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейтетін, сондай-ақ Еуразиялық өңірді әлемдік экономикаға біріктіру үшін жаңа мүмкіндік ашатын маңызды стратегиялық жоба. Қытайдың Цзянсу аймағында орналасып, жағасын Сары теңіз шайып жатқан бұл қала Ляньюньган Қазақстанның «теңіз қақпасы» ретінде сәтті жұмыс істеп келеді.