Ұлы жеңістің құрметіне орай ардагерлер арасында жарыс өтті
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығын мерекелеуге арналған ардагерлер арасында дойбы, шахмат, бильярдтан жарыс өткізіліп жатыр.
Жарысқа 63 жастан жоғары Түркістан облысының қалалары мен аудандарының ардагерлері қатысуда. Шараға қатысқан командалардың барлығы да бірыңғай спорттық киімдермен келді.
Жарыстың мақсаты – Қазақстан Республикасының Түңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның үшінші жаңғыру бойынша мемлекеттік жаңа саяси бағытын жүзеге асыру, дене шынықтыру және спортты әрі қарай бұқаралық дамыту, патриоттық тәрбиені күшейту, ардагерлер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, зияткерлік ойын түрлерін халық арасында кеңінен дамыту.
«Ұлы жеңістің 74 жылдығына орай бүгін Түркістан қаласындағы Астана спорт кешенінде ардагерлер арасында спорттың үш түрін қамтыған жарыс басталды. Атап айтқанда, жарыс шахмат, дойбы, бильярдтан өтуде. Шахмат пен дойбы жарысы халықаралық ережеге сәйкес швейцарка жүйесімен өтеді. Ал бильярд қолданыстағы ережеге сәйкес өткізіледі. Жарыстың нәтижесі бүгін кешке белгілі болады. Әзірге ойындар жүріп жатыр», - деді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз жетекшісі Асхат Мырзахметов.
Айта кетейік, жарысты Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.