Ардагерлерге соғыс жылдарындағы әндер шырқалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімдігі мен мемлекеттік академиялық филармония Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше музыкалық сый жасады.
Төтенше жағдай режиміне байланысты оларға арнап басқосу ұйымдастыру мүмкіндігі болмаған соң, әртістер қарттарды жеке-жеке құттықтап шығуға шешім қабылдады.
Мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрінің музыканттары ардагерлердің аулаларында әскери әндер шырқады. Оркестр менеджері Юлия Зайчиковскаяның айтуынша, құттықтау мұндай форматта алғаш өтуде.
Менің ойымша, бұл мұндай жағдайда ойлап табылған ең жақсы жоба. Жалпы, бізде Ұлы Отан соғысының 44 ардагері бар. Бірақ бүгін бар болғаны 34-іне барамыз, өйткені кейбірі үйлерінде жоқ, – деп түсіндірді Ю.Зайчиковская.
Шара көрермендері – ҰОС ардагерлері көзіне жас алып, музыканттарға алғыс білдірді.
Бүгін маған осындай мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңызға үлкен рахмет. Жеңіс біздің көпұлтты халқымызға қандай қиындықпен келгенін білесіздер. Соғыс барлық отбасына әсер етті, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Бабичев.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне орай Нұр-Сұлтанда 3688 адам біржолғы ақшалай төлем алды. Төлемнің жалпы сомасы 180,9 млн.теңгені құрады. 44 соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн.теңгеден, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 410 адамға 75 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген (қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары), сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне – 3234 адамға 32,5 мың теңгеден төленді.