Луврды тонау: залал көлемі 88 млн еуроға бағаланды
19 қазанда Францияның ең әйгілі мұражайларының бірі – Луврда болған тонау салдарынан келтірілген материалдық залал 88 млн еуроға бағаланды. Бұл туралы Париж прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ RTL радиостанциясына сілтеме жасап.
Лувр директорының бағалауы бойынша, шығын көлемі 88 млн еуроны құрайды. Бұл сома айтарлықтай, бірақ тарихи тұрғыдан мұражайға келтірілген зиянмен салыстыруға келмейді, – деді прокурор.
Оның айтуынша, қарақшылар ұрланған зергерлік бұйымдарды балқыту арқылы да мұндай соманы қайтара алмайды.
Қазіргі уақытта істі 100-ге жуық тергеуші қарастырып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мұражайға төрт шабуылдаушы кірген, алайда тергеу олардың артында ұрлықты ұйымдастыру мен жоспарлауға қатысқан өзге де адамдардың болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Еске сала кетейік, Луврды тонау оқиғасы 19 қазанда орын алды. Белгісіз адамдар мұражайдың терезелерін сындырып, бірқатар зергерлік бұйымдар мен тарихи құндылықтарды ұрлап кеткен. Францияның мәдениет министрі Рашида Дати мұны «кәсіби түрде жоспарланған операция» деп атады.