"Лукойл" Қазақстаннан кетпейді: компания мұнай өндіруге миллиардтаған доллар инвестиция құйып отыр

Батыс санкцияларына байланысты халықаралық активтерін сатуы мүмкін деген хабарларға қарамастан, "Лукойл" Қазақстандағы қызметін жалғастырып, мұнай жобаларындағы үлесін қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Ресейлік компания еліміздің негізгі кен орындарында жұмысын жалғастырып, ұлттық компания "ҚазМұнайГаздың" сенімді серіктесі болып қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, "Лукойлдың" елден кетуі Қазақстандағы мұнай өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етпейді.

Қазіргі таңда "Лукойлдың" Қазақстандағы мұнай өндірудегі үлесі шамамен 3,5 пайызды құрайды. Компания ірі жобаларға қатысады: Теңізде – 5%, Қарашығанақта – 13,5%, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) үлесі – 12,5%, - деді ол.

Маманның сөзінше, "Лукойл" Қазақстанда тек мұнай өндірумен ғана емес, өңдеу саласында да белсенді жұмыс жүргізіп отыр.

Алматыда мотор майларын шығаратын зауыт салынды, сонымен қатар "Лукойл" брендімен үш жанармай құю станциясы жұмыс істейді. Бұл компанияның тек шикізаттық бағытпен шектелмей, өңдеу мен бөлшек сауда инфрақұрылымына да қаржы салып отырғанын көрсетеді, - деп түсіндірді Жұмағұлов.

Сарапшының айтуынша, қазір "Лукойл" мен "ҚазМұнайГаз" бірлесіп "Қаламқас-Хазар" теңіз жобасын іске асырып жатыр. Бұл жоба аясында жылына төрт миллион тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарланған.

Бұл – стратегиялық маңызы бар жоба. Қажет болған жағдайда санкциялық тәуекелдерді болдырмау үшін «ҚазМұнайГазға» 1% үлесті беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл техникалық мәселе ғана, жоба құрылымы мен дамуына әсер етпейді, - деді ол.

Жұмағұловтың айтуынша, жыл соңына дейін жоба бойынша 6 миллиард АҚШ долларынан астам инвестициялық шешім қабылдануы тиіс.

"Лукойл" Қазақстандағы активтерін сату туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Компанияның кетуі немесе қалуы еліміздегі мұнай өндіру көлеміне әсер етпейді. "Қаламқас-Хазар" жобасы бойынша жыл соңына дейін 6 миллиард доллардан астам инвестицияны бекіту жоспарланған. Жалпы алғанда, «Лукойлдың» Қазақстан мұнай-газ секторындағы үлесі үлкен емес, - деп нақтылады Нұрлан Жұмағұлов.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын, 94 миллион тонна мұнай мен 60 миллиард текше метр газ өндіргенін атап өткен еді. Сонымен қатар, компания әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа шамамен 300 миллион доллар бөлген.

Сондай-ақ Президент 30 жыл ішінде Қазақстан мен "Лукойл" ынтымақтастық жолынан сүрінбей өткенін айтқан болатын.

Айта кетсек, бұған дейін "Лукойл" Батыс санкцияларына байланысты халықаралық активтерін сатуға кірісетіні туралы хабар тараған болатын. Қазір компания потенциалды сатып алушылардың өтінімдерін қарастырып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы