Лукин: Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіру керек

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде болып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери білім беруді жетілдіру және әскери қызметшілердің қазақстандық патриотизмін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып отыратынын атап өтті.

Патриоттық тәрбие мәселесі барлық мемлекеттік органдарда осы сала бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Алайда мекемеаралық өзара іс-қимыл мен жүйелі тәсілдің болмауы, білім беру процесінде тәрбие жұмысы маңызының төмендеуі және оң нәтижені көтермелеу мен есепке алу тетігінің болмауы тиісті нәтиже бермейді және әскери-патриоттық тәрбие жүйесін одан әрі жетілдіруді талап етеді, - деді сенатор Лукин.

Университет бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков өз кезегінде парламентшілерге жоғары оқу орнының жұмысы мен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі 2025 жылға дейін есептелген бағдарламаны іске асыру туралы айтып берді. Онда мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның жастардың әскери қызметке ынта-жігерін қалыптастыру мен әскерге шақырылғанға дейінгі дайындықтың ауқымды мәселелерін шешудегі өзара іс-қимылдың негізі қаланған.

Университет ұжымы кездесу барысында осы саладағы заңнаманы жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді. Сенаторлар өз кезегінде соңғы жылдары әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсарту және жастардың әскери борышын өтеуге ынта-ықыласын арттыру жөнінде бірқатар заңнамалық актілер қабылданғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ бүгінгі таңда Парламентте әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігі
Өзгелердің жаңалығы