Лукашенко жетінші рет президенттік қызметке кірісіп, беларусь тілінде ант берді

Беларусь Республикасының жаңадан сайланған президенті Александр Лукашенко 25 наурыз күні қолын Конституцияға қойып, беларусь тілінде ант қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Белта агенттігіне сілтеме жасап.
Беларусь Республикасы Президентінің қызметіне кірісе отырып, Беларусь Республикасы халқына адал қызмет етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге және қорғауға, Конституцияны сақтауға және қорғауға, маған жүктелген жоғары міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен орындауға салтанатты түрде ант етемін, — деді Лукашенко.
2025 жылдың 26 қаңтарында өткен президенттік сайлау қорытындысы бойынша Александр Лукашенко 86,82% дауыс жинап, жеңіске жеткен. Оған 5 136 293 сайлаушы дауыс берген.
Ұлықтау рәсімі дәстүрлі түрде жабық форматта өтті, қоғам мен шетелдік БАҚ өкілдері қатыстырылған жоқ.
Салтанат барысында Лукашенко өз билік жүйесін “диктатура” деп сынаушыларға жауап берді.
Бүкіл әлем біздің “диктатурамызды” армандайды – бұл нақты істер мен халқымыздың мүдделеріне негізделген диктатура. Бізде сөз бостандығы да жеткілікті. Тіпті өзін демократия эталоны санайтын елдерден бізде демократия көбірек, – деп мәлімдеді Лукашенко.