Лукашенко жасырын түрде Беларусь Президенті қызметіне кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рәсімнің қай күні болатыны соңғы күнге дейін құпия сақталды. Ұлықтау рәсімі Мемлекет басшысының ресми резиденциясы — Минскідегі Тәуелсіздік сарайында өтті, деп хабарлайды БелТА.

Елдің Конституциясына сәйкес, Лукашенко Беларусь тілінде халыққа ант беріп, тиісті құжатқа қол қойды. Оған Президенттің куәлігін ОСК басшысы Лидия Ермошина тапсырды.

Беларусь билігі соңғы сәтке дейін инаугурацияның ресми күнін атаған жоқ. Заң бойынша жаңа Президент сайлаудың ресми нәтижелері жарияланғаннан кейін екі айдан кешіктірмей қызметке кірісуі керек. Биыл бұл мерзім 9 қазанда аяқталады.

БелТА ұлықтау рәсіміне жүздеген адам қатысқанын хабарлайды: жоғары лауазымды тұлғалар, өкілдер палатасының депутаттары және республика кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері.

Лукашенко Беларусь Президенті қызметіне қатарынан алтыншы рет кірісті. Беларусь орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, тамыз айындағы сайлауда оны сайлаушылардың 80% - дан астамы қолдады. Дауыс беру нәтижелерін беларуссиялық оппозиция мойындамады, олар жеңімпаз Светлана Тихановская болды деп санайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы