Кеше 2026, 20:59 Фото: Ақорда

Лукашенко жасанды интеллектінің қаупі мен мүмкіндігін атады

Беларусь президенті Еуразиялық экономикалық форумда ЖИ-дің пайдасы, қаупі және технологиялық тәуелсіздік туралы мәлімдеме жасады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда жасанды интеллект тақырыбында кең көлемде сөз сөйлеп, ЖИ технологиялары төңірегіндегі «хайп», қоғамдағы қорқыныш және цифрлық тәуелсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Лукашенко сөзін әзілмен бастап, өзінің алғашқы мамандығы мұғалім екенін айтты.

Менің алғашқы мамандығым – мұғалім. Сондықтан кез келген лекцияны әрқашан негізінен бастаймын, – деді Беларусь президенті.

Ол жасанды интеллект жаңа технология емес екенін атап өтті.

“Жасанды интеллект” ұғымына 70 жылдан асты. Бұл бүгін пайда болған жаңалық емес. Беларусьте бұл бағыттағы жүйелі жұмыс 1960-жылдардың ортасынан, Минскіде техникалық кибернетика институты құрылған кезден басталды, – деді Лукашенко.

Президенттің айтуынша, Беларусь ондаған жыл бойы өз ғылыми мектебін қалыптастырып, оны Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де сақтап қалған.

Сонымен қатар Лукашенко қазіргі таңда ЖИ туралы тым көп айтылып кеткенін мәлімдеді.

Қазір кей адамдар жасанды интеллект туралы қай жерде болса да айта береді. Кейде өзі де оның не екенін толық түсінбейді, – деді ол.

Беларусь басшысы AI-дың мәнін қарапайым тілмен түсіндірді.

Жасанды интеллект – бұл адамның орнын толық басатын дүние емес. Бұл – деректермен жұмысты жылдамдататын құрал. Ол ақпаратты өңдейді, талдайды, күрделі есептерді тез шешуге көмектеседі, – деді Лукашенко.

Президент соңғы жылдары AI саласында үлкен өзгеріс болғанын айтты.

Жасанды интеллект зертханалардан шығып, әр смартфонға кірді. Ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды, – деді ол.

Оның сөзінше, бүгінде қоғамда AI-ға көзқарас әртүрлі.

Біреулер үшін жасанды интеллект пен нейрожелілер – виртуалды көмекші. Басқалар үшін – сән. Ал үшінші адамдар үшін бұл болашақтан қорқу, тіпті апокалипсистің басталуы сияқты, – деді Лукашенко.

Беларусь президенті әсіресе үлкен буын арасында AI-дан қорқу бар екенін айтты.

Кейбір адамдар, әсіресе аға буын өкілдері, жасанды интеллектен қорқады, – деді ол.

Сонымен қатар Лукашенко Беларусьтің AI-ға қатысты өз ұстанымы бар екенін мәлімдеді.

Біз үшін жасанды интеллект – хайп емес және сән қуалау емес. Ол адамдар мен өндірістің игілігі үшін нақты жұмыс істеуі керек құрал, – деді Президент.

Оның айтуынша, Беларусь шетелдік технологияларды соқыр көшіруден бас тартқан.

Біз өз жолымызды таңдадық – өз құзыретімізді және өз технологиялық шешімдерімізді дамыту жолын, – деді Лукашенко.

Беларусь басшысы елде AI өндірісте, ауыл шаруашылығында, медицинада және логистикада белсенді қолданылып жатқанын айтты.

Мысалы, «компьютерлік көру» жүйелері өндірістегі ақауларды анықтайды, ал роботтандырылған кешендер ауыл шаруашылығындағы еңбек тапшылығын шешуге көмектеседі.

Бір роботтандырылған кешен 4-тен 20 адамға дейінгі жұмысты алмастыра алады, – деді Лукашенко.

Президент медицина саласында да AI технологиялары күрделі операцияларға көмектесіп жатқанын айтты.

Алайда ол жасанды интеллект адамды толық алмастырмайтынын ерекше атап өтті.

Жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Ол тек адамның ауыр және қауіпті жұмысын азайтады, мамандардың мүмкіндігін күшейтеді, – деді Беларусь басшысы.

Сөз соңында Лукашенко әлемде технологиялық бақылау үшін үлкен бәсеке жүріп жатқанын айтты.

Біз сыртқы технологиялық тәуелділікке түсіп қалмауымыз керек, – деді ол.

Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақ аясында цифрлық кооперацияны күшейту қажет екенін мәлімдеді.