Лукашенко ЕАЭО-ны сөзден іске көшуге шақырды
Лукашенко ЕАЭО аясында нақты нәтиже мен практикалық қадамдардың маңызын атап өтті.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ бұрын қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды жеделдетіп, интеграцияның нақты нәтижесіне басымдық беруі қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Беларусь басшысының айтуынша, ЕАЭО жұмыс істеген жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру аясында 480-нен астам іс-шара өткізілген. Сондай-ақ 18 халықаралық келісімге қол қойылып, 500-ге жуық нормативтік акт қабылданған.
Алайда Лукашенконың сөзінше, бірқатар маңызды мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр.
Бірақ шынын айтуымыз керек: ортақ қаржы нарығын реттеу, сауда кедергілері, электронды цифрлық қолтаңба секілді негізгі мәселелер кейінге шегерілді. Біз жасанды интеллект туралы айтып жүрміз, ал электронды цифрлық қолтаңба сияқты практикалық мәселелерді кейінге қалдырдық, – деді Беларусь президенті.
Ол Одаққа мүше елдер өз мойнына алған міндеттемелерді дәйекті түрде орындауы керектігін айтты.
Ешкімді кінәлап отырған жоқпыз, бірақ табанды түрде шақырамыз: осыдан 12 жыл бұрын терең экономикалық интеграцияға бірге барамыз деп келістік, ендеше Одақтың барлық мақсаты мен міндетін уақытында әрі толық көлемде жүзеге асырайық, – деді Лукашенко.
Беларусь басшысы ЕАЭО елдерінің тұрғындары интеграцияның нақты нәтижесін күнделікті өмірде сезінуі керек екенін атап өтті.
Біздің кездесулер мен жиындарды жариялап жүрген журналистер ғана емес, халықтарымыз да Одақтың бар екенін сезінуі керек. Барлық бағыт бойынша нақты нәтиже болуы қажет, – деді ол.
Сонымен қатар Александр Лукашенко интеграциялық үдерістердегі Ресейдің ерекше рөліне тоқталды.
Одақтағы басты елдердің бірі – Ресейден өте маңызды қадамдар, мүмкін, белгілі бір ымыралар да қажет болатынын жақсы түсінеміз, – деді Беларусь президенті.
Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Одақ органдары жұмысының тиімділігін арттыру қажет.
Ең алдымен комиссиямыз бен Одақ аппараты жұмысты жандандырып, тиімділікті арттыру мәселесін байыппен ойластыруы керек. Бұл тек отырыстар мен әңгімелер болып қалмауы тиіс. Артынан нақты қадамдар жасалып, нәтиже болуы қажет. Тиімділік болуы керек, – деді Лукашенко.
Сондай-ақ ол «Еуразиялық экономикалық жол» атты интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту декларациясын жүзеге асыру мерзімін кейінге қалдырмауға шақырды.
Интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту туралы декларация мерзімді кейінге шегермей және түрлі объектив себептерге сілтеме жасамай жүзеге асырылуы керек. Біз Одақты дәл осындай тәуекелдер мен объектив қиындықтарды еңсеру үшін құрдық, – деп түйіндеді Беларусь басшысы.