Кеше 2026, 20:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Лудоманияға шалдыққан бақташы бір жарым айда 90 қойды сатып жіберген

БҚО-да лудоманияға шалдыққан бақташы бір жарым айда ағасының 90 қойын сатып, 4,8 млн теңгені букмекерлік кеңселерде ұтылған.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық сотында ерекше іс қаралды. Лудоманияға шалдыққан бақташы бір жарым айда ағасының отарындағы қойларды сатып жіберген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылдың тамыз айында аудан тұрғыны ағасын ауызша келісім бойынша 90 бас қойды бағуға жалдаған. Алғашында бәрі қалыпты көрінген. Алайда қазан айында мал иесі жағдайды тексеруге барған кезде, жайылымда семіз 90 қойдың орнына он шақты ғана мал қалғаны анықталған.

Тергеу барысында бақташының лудоманияға шалдыққаны белгілі болды. Бастапқыда өзін тежеп жүргенімен, күзге қарай қаржысы таусылып, үстіне таныстарына қомақты қарызға батқан. Алғашқы қойды ол қыркүйек айында, әрі төмен бағамен сатқан. Кейін бұл әрекетін жалғастырып, бір жарым ай ішінде отардағы қойлардың басым бөлігін сатып жіберген.

Жалпы келтірілген шығын көлемі 4 840 000 теңгені құраған. Ақшаның бір бөлігі қарызын өтеуге жұмсалса, басым бөлігі букмекерлік кеңселердегі бәске тігілген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші ағасы оған түсіністік танытып, бас бостандығынан айырмауды сұрап, азаматтық талап-арызын қараусыз қалдыруды өтінген.

Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Мүлкі тәркіленген жоқ.

Үкім заңды күшіне енді.

Тағы оқи отырыңыздар:

Субсидияны миллиардтап жымқырған: Қостанайда сот 14 адамға үкім шығарды