Ұлттық экономика министрі трансферт үшін 1 трлн теңге бөлуді ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт бөлу туралы заң жобасын ұсынды.
Оның болжалдық көрсеткіштері туралы онлайн Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтып берді.
Сондай-ақ Үкімет қарауына 2021 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы жарлық жобасы да таныстырылды.
Ұлттық экономика министрінің кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы – 2,2 трлн теңге мөлшерінде айқындау ұсынды.
Кепілдендірілген трансфертті әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау қажет.
Тиісінше, даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады, - деді министр.
Министр келтірген болжамдар бойынша 2021 жылы түсімдер 11,4 трлн. теңгені, 2022 жылы – 11,8 трлн. теңгені, 2023 жылы – 12 трлн. теңгені құрауы тиіс.
Сонымен қатар, Руслан Дәленов республикалық бюджеттің болжалды шығындарын да атап көрсетті. 2021 жылы 14 трлн теңге, 2022-2023 жылдары – 13,9 трлнтеңге көлемінде болады деп күтілуде.
Жалпы әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын және 2021 жылға нысаналы трансферт бөлу туралы жарлық жобасын қолдауды сұраймын, - деді Ұлттық экономика министрі.