Ұлттық архив мемлекеттік рәміздер туралы құжаттар көшірмесін жариялады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік рәміздері күніне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Қазақстанның басты атрибуттары –   ту, елтаңба, әнұранның қалыптасу тарихынан сыр шертетін қызықты құжаттар топтамасын ұсынды.

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым күні Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. 

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылдануы туралы құжаттар көшірмесі.



Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған Қазақстанның Мемлекеттік туының сызбасы.



Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.




Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрдеқабылдануы туралы құжаттар көшірмесі.



Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған Қазақстанның Елтаңбасы сызбасы.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды.

Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында "Мемлекеттік рәміздер туралы" Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы